​Кентаулық жастар жазғы демалысты еңбекпен өткізуде

0
1 604

Бұл еңбектеріне ай сайын 60 мың теңгеден жалақы алып отыр.


​Кентаулық жастар жазғы демалысты еңбекпен өткізуде

ERNUR.KZ. Кентауда жазғы демалысқа шыққан жастар жасыл ел еңбек жасақтарының қатарына қосылып, қаланың көгалдандыру ісіне өзіндік үлестерін қосуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Маусым айынан бастап қала көшелерін көгалдандыру, жасыл желектерді суару, қураған шөптерді орып, қураған ағаш бұталарын кесу секілді қызметтерді атқарып жүрген олар таңертеңнен кешке дейін еңбек етіп, бос уақыттарын тиімді өткізуде. Сондай-ақ, бұл еңбектеріне ай сайын 60 мың теңгеден жалақы алып отыр.

- Жыл сайын жастардың белсенділігі артып келеді. Биыл 60 жас еңбек етуде. Олардың ішінде оқу орындарының қаржы бөлімінде білім алушы жастар мен жұмыссыз жастар және жұмыссыз жас отбасылар мен әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың мүшелері бар, - дейді, қалалық Жастар орталығының директоры Қанат Бекметов.

Мұхаммедәлі Мұрадов қаладағы жұмыссыз жастың бірі. Бүгінде қаланың көгадандыру ісінде еңбек етіп жүрген ол «Қаламыздың гүлденуіне үлесімізді қосқымыз келеді. Себебі, біз өз қаламыздың патриотымыз», - дейді.

Туған жердің түлеуіне атсалысқысы келген жастардың қатары жыл сайын артуда. Олар мұнда тек еңбек етумен ғана шектелмейді, өзара түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, күндерін қызықты өткізеді. Өңірдегі тарихи жерлерге, мұражайларға саяхат жасап, қаладағы түрлі іс-шараларға қатысады.