Оқушының бетінен тепкен.
Келес ауданында жоғары сынып оқушылары арасында төбелес шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Әлеуметтік желіде Түркістан облысы, Келес ауданында орын алған жасөспірімдер төбелесінің видеосы тарады.
Келес аудандық полиция бөлімінің аталған жәйт туралы ресми мәлімдемесіне сүйенсек, 2023 жылдың 21 қыркүйек күні полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, 11 сынып оқушылары арасында келіспеушілік болғанын айтқан.
«Оқиға орнына бірден Түркістан облысы ПД мен аудандық полиция бөлімінің басшылығы шықты. Анықталғандай, Келес ауданындағы мектептің жоғары сыныптағы 2 оқушысы өзара сөзге келіп, келіспеушілік туындап, екіншісі көрші мектептегі жоғары сыныптың оқушысын шақырып, келген оқушы жәбірленушіге соққы жасаған», - делінген ресми ақпаратта.
Нәтижесінде 11-сынып оқитын жәбірленуші емханаға түскен. Бүгінгі таңда ем қабылдау үстінде.
«Оқиға бойынша сот-сараптамалары тағайындалды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодекстің 293- бабы 2-б. (Бұзақылық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - деп хабарлады полиция бөлімі.