«КИНЭС» қазақстандық рекорд кітабына енді.
Көшпенділер ойынында қазақстандық 450 шебер әлемдік рекорд орнатып, тарихи оқиға орын алды, деп хабарлайды ERNUR.КZ.
Астана төрінде өтіп жатқан Дүниежүзілік Көшпенділер ойынында қазақстандық 450 шебер Аламан құрақ көрпешесін құрау бойынша әлемдік рекорд орнатып, тарихи оқиға орын алды. Солардың ішінде, Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ақбілек Байтемірқызы бар. Созақтық мұғалім өте күрделі саналатын «Гаухартас», «Сынық мүйіз», «Аламан» құрақ техникалары бойынша 11200 шаршы метр болатын көрпеше құрау бойынша рекорд орнатушының бірі болып тіркеліп, «КИНЭС» қазақстандық рекорд кітабына енді.
Айта кетейік, 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтіп жатқан этникалық іс-шараға әлемнің 89 елінен 4000-ға жуық спортшы қатысуда. Бұл күндері спорттың 20-дан астам түрінен бөлек, түрлі халықаралық дәрежедегі мәдени шаралар өтуде. Шараның мақсаты - ұлттық спортты дәріптеу, туризмді және этномәдениетті дамыту.