​Мақтааралда үш мектепте IT-сынып ашылды

0
2 750

Мақтаарал ауданында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін аудан әкімімен жұмыс жоспары бекітіліп, ондаған жобалар іске аспақшы.


​Мақтааралда үш мектепте IT-сынып ашылды

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Мақтаарал ауданында 3 мектепте IT-сынып ашылды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жергілікті жерде орындау мақсатында ашылып отырған сыныптар мақтааралдық оқушылардың қазіргі заман талабына сай білім алуына мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ең алдымен аудан әкімі Бақыт Асанов аудан орталығындағы №120 жалпы орта мектебі мен «Мырзакент» мектеп-гимназиясына барып, жаңадан ашылған IT сыныптардың лентасын қиды. Өңір басшысы ауыл балаларының ғылыми-техникалық білімді шынайы өмірде қолдануына, заманауи технологияларды жетік білуіне жол ашып отырған жобаны барлық мектепке ендіру керектігін баса айтты.

«IT-сыныптарда 8-16 жас аралығындағы балалар бағдарламалау және робот техникасының негіздері туралы Еуропалық білім беру стандарты бойынша тереңдетілген білім алады. Бұл бастама мектептерге факультативті пән ретінде енгізіліп, элективті курс ретінде жүргізіледі», - деді Бақыт Нәсірханұлы.

Аудан орталығындағы №120 жалпы орта мектебі мен «Мырзакент» мектеп-гимназиясынан бөлек, Атакент кентіндегі «Мақтаарал» мектеп-гимназиясында да IT-сынып ашылды. Жалпы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында 2018 жылы аудан мектептеріне 50 миллион теңгеден аса қаржыға 358 компьютер, 105 миллион теңгеден аса қаржыға 212 мультимедиялық жабдықтар алынған.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін аудан әкімімен жұмыс жоспары бекітіліп, ондаған жобалар іске аспақшы.

«Smart Maktaaral» деп аталатын жоба негізінде аудандағы базарлар мен сауда нүктелерінің, қызмет көрсету орындарының жұмысын автоматтандыру, білім беру ұйымдарында IT сыныптарын ашу, аудан бойынша тегін Wi-Fi желілерін құру, коммуналдық төлемдерді терминалдар мен смартфон арқылы онлайн төлеу, электронды ақша айналымына жағдай туғызу, ауданның маңызды жолдарында ақылды жарықтандыру жүйелерін орнату, бейнебақылау жүйелерін дамыту, ауыл шаруашылығына арналған ақылды суару жүйелерін енгізу сияқты т.б. жобалар жүзеге асатын болады.

Дереккөз: Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі