​Мақтарал ауданына жаңа әкім тағайындалды

0
4 979

Жансейіт Түймебаев Мақтарал ауданының жаңа әкімін таныстырды


​Мақтарал ауданына жаңа әкім тағайындалды

Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданының әкімі лауазымына жаңа басшы тағайындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімі бойынша, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өкімімен Мақтаралдың әкімі қызметіне Бахыт Нәсірханұлы Асанов тағайындалды.

Жиында бірінші басшыны аудан активіне таныстырған аймақ басшысы мақталы өлкеде алдағы уақытта атқарылар істің көптігіне тоқталып, шекаралық аудандағы бірқатар мәселелер бұдан былай тезірек шешімін табатынына сенім білдірді.

"Жаңадан Мақтаарал ауданының құрылғанына ел риза. Енді елге қызмет көрсету, әлеуметтік мәселелерді шешу жеңілдейді. Тұрғындар құжат реттеу үшін алысқа шабылмайды. Тағы айта кетерлік жай, сіздер жаңадан құрылған Түркістан облысындағы Мақтарал ауданының тұрғынысыздар. Бұл да үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Елбасы Түркістан облысына баса мән беріп отыр. Түркістан Түркі әлемінің көшбасшысына айналуы үшін сіздер де үлес қосуларыңыз керек. Көрші елмен шектесетін ауданға үлкен сенім әрі жауапкершілік жүктеледі. Жаңа әкім ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеріп, ел сенімін ақтайды деген ойдамын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!", - деді Ж.Түймебаев.

Сонымен бірге, ауданның дамуына өз үлесін қосқан бұрынғы әкім Жамантай Бейсенбаевқа алғысын білдіріп, алдағы қызметінде табыс тіледі.

Б.Н.Асанов 1962 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі инженер-құрылысшы.

Еңбек жолын 1984 жылы ЖМК «Жетісай ауыл құрылыс» трестінің нормалаушысы ретінде бастаған.

1986-2011 жылдары Ленин атындағы кеңшардың газдандыру жөніндегі жұмыстарды техникалық қадағалаушысы, Ленин атындағы кеңшардың құрылыс бөлімінің шебері, «Көксу» кеңшарының аға прорабы, «Жібек жолы» сауда базасы директорының орынбасары, Республикалық жастар кәсіпкерлігін қолдау қоры директорының орынбасары, Алматы қалалық жастар кәсіпкерлігін қолдау жөніндегі қордың Фрунзе аудандық филиалы директоры, Шымкент қалалық әкімшілігінің техникалық инспекциясының инспекторы, Шымкент қалалық әкімшілігінің техникалық инспекциясы бастығының орынбасары, ОҚО, Жетісай ауданы Жылы су селолық округінің әкімі, ОҚО, Жетісай қаласының әкімі лауазымдарын атқарған. 2011 жылдың шілде айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет етіп келді.