Арыс қаласынан Мақтаарал ауданына 24-26 маусым күндері жалпы саны 14 отбасы, оның ішінде 62 адам туған-туысқандарының үйіне келіп орналасқан
Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ бастамасымен аудан жастары Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдан зардап шеккендерге арнап 3,5 тонна қауын-қарбыз, баклажан, болгар бұрышы сынды бақша өнімдері мен көкөністерді жеткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Өнімдердің жинақталуына аудан диқандары мен кәсіпкерлері кеңінен үлес қосты. Қиналғанда қол ұшын созып, қуанғанда бірге бөлісуге дайын тұратын мырза даланың жастары мұндай шараларды қажетіне қарай алдағы күндерде де жалғастыратын болады.
“Мақтаарал – Арыс халқымен бірге!” ұранымен Мақтаарал ауданы әкімдігі және аудандық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен демеушілік тарапынан көрсетілген көмектерді жинақтау пункттері Мырзакент пен Атакент кенттерінен ашылып, қазіргі таңда арыстықтарға көмек беру үшін әрбір мақтааралдық атсалысуда.
Айта кетейік, Арыс қаласынан Мақтаарал ауданына 24-26 маусым күндері жалпы саны 14 отбасы, оның ішінде 62 адам туған-туысқандарының үйіне келіп орналасқаны анықталған. Атап айтқанда, Мырзакент кентінде 4 отбасы, Атакент кентінде 3 отбасы, А.Қалыбеков аулыдық округінде 2 отбасы, Бірлік ауылдық округінде 1 отбасы, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінде 1 отбасы, Жамбыл ауылдық округінде 1 отбасы, Достық ауылдық округінде 1 отбасы қоныстанғаны белгілі болды.
Қоныстанған азаматтардың мекен-жайларын штаб мүшелері күн сайын аралап көріп, жағдайымен танысып, азық-түлік, киім-кешек және гигиеналық заттармен қамтамасыз етіп, медициналық көмектер көрсетілді.