Министр Түркістан облысындағы кесенелерге кірудің неге ақылы екенін түсіндірді

0
2 095

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бағаны министрлік белгілейтінін айтты.


Министр Түркістан облысындағы кесенелерге кірудің неге ақылы екенін түсіндірді

сурет: kk.advisor.travel

ERNUR.KZ. Мәдениет және спорт министрі Парламент қабырғасында өткен туристік қызметті дамыту тақырыбындағы үкімет сағатында еліміздегі кесенелерге кіру неліктен ақылы екенін айтты, деп жазады Baq.kz..

«Арыстанбаб кесенесіне кіру ақылы екеніне куә болдық. (...) Сонда әулиеге дұғаны қалтасына ақшасы бар азаматтар ғана бағыттай ала ма? Кесенені басшылар жеке кәсіпке айналдырып алған сияқты. Осыдан 5-6 жыл бұрын кіру ақысыз болатын. Қазір неліктен ақылы, бұл аталған кесенелер мәдени-тарихи мұражай емес пе? Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде де осындай жағдай. Егер мемлекет тарапынан ешқандай қаражат бөлінбей отырса түсінемін, бүгінгі таңда садақадан басқа субсидия да бөлініп отыр ғой. Кесенеден түскен қаражаттар қайда жұмсалады? «Рухани жаңғыру» аясында неліктен ақысыз қылмайсыздар?» - деп сұрады Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев министрден.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бағаны министрлік белгілейтінін айтты.

«Бұл мәселе БАҚ-та да, халықтың ішінде де кеңінен талқыланды. Біз не себептен ақылы етіп жатырмыз, нақты қанша адам келеді соған мониторинг жүргізуіміз керек. Екінші, шынымды айтайын, осыған дейін Қожа Ахмет Ясауи, Арыстанбаб тегін болған соң ішін мешітке айналдырып жіберді. Тегін кіреді де, бес уақыт намазын оқиды. Азын-аулақ тамағын ішіп жатады. Ештеңе істей алмайсыз. Неге десеңіз – бәрі тегін. Шығады да, кіреді. Соны тоқтату үшін халықаралық тәжірибеде кіру – ақылы, шетелге барыңызшы барлық жерде ақылы. Біз бұл 100 теңге, 200 теңгені символдық түрде қойдық. Керек десеңіз одан да түсіреміз. Бірақ оны жүйелі түрде қоюымыз керек. Өзіңіз айтып жатырсыз, Арыстанбабтың басына барған соң түнегісі келеді. 5 жыл бұрын орын жоқ болатын. Біз орталыққа айналдырудың орнына көбінесе халықтың көзқарасына қарай жұмыс жасадық. Мысалы, шетелден келетін туристер кіруге қорқатын. Ішіне кірсе бәрі айқайлап намаз оқып жатады. Халықаралық тәжірибені ала отырып жүйелі түрге қойдық. Қымбат десеңіздер, қарастырамыз», - деп жауап берді ол.