Түркістан қаласының әкімі кей ғимараттарға қатысты түсінік берді.
Түркістан қаласындағы кей нысандарға қатысты көтерілген мәселелерге ресми түсінік берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Осыған дейін Түркістан қаласында биылғы жылдың 11 айында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы өткен брифингте қала басшысы Нұрбол Тұрашбеков жергілікті БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, кей нысандарға қатысты көтерілген мәселелерге нақты түсінік бергенін хабарлаған едік.
Қоғамдық талқылауға түскен ғимараттардың арасында «Визит орталығы» бар болатын. Қала әкімінің айтуынша, Түркістан қаласына қосымша инвестиция тарту және туристерге қызмет көрсету сапасын арттыру, бюджет шығыстарын азайту және сенімгерлік басқарушының есебінен ғимаратты күтіп ұстау мақсатында «Визит орталығы» ғимаратын сатып алу құқығынсыз 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру туралы Мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталына электрондық сауда-саттық жарияланған. Сөйтіп, бұл конкурста «Туркестанское бюро экскурсий» ЖШС-і жеңімпаз болып танылған.
Алайда, «Туркестанское бюро экскурсий» ЖШС-ның келісім-шартта көзделген талаптарды орындамауы себебінен екі жақты келісімге сәйкес келісім-шарт бұзылып, аталған ғимарат мемлекет теңгеріміне қайтарылған. Қазіргі таңда облыстық коммуналдық меншікке өткізілген және республикалық меншікке өткізу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.
«Ясауи музейі нысанында қазіргі таңда жабдықтау және құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысанда тиісті жұмыстар аяқталғаннан кейін заңға сәйкес қабылдау шаралары жасалады. «Неке сарайы» ғимараты мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталындағы электрондық хаттама негізінде «Бастама KZ» ЖШС–не кейіннен сатып алу құқығынсыз 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілген. «Шығыс моншасы» ғимараты мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталындағы №152097 электрондық хаттамаға сәйкес, 5 жыл мерзімге кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілген. Кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқару – мемлекеттік мүліктіжекешелендіру емес. Мемлекеттік мүлік мемлекеттің меншігінде болады, жекеменшікке өтпейді. Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан берілген «Неке сарайы» және «Визит орталығы» ғимараттары мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталы арқылы электрондық тендермен бәсекелестік ортаға мүлікті уақытша пайдалануға беру болып саналады», - деді Нұрбол Тұрашбеков.
Әкімнің сөзіне сүйенсек, Түркістан қаласы облыс орталығы болғанан кейін Қожа Ахмет Яасауи кесенесі аумағынан рухани-мәдени орталық құрылып, нысандар салынған. Осы орайда, мәдени-рухани орталықта халыққа қолжетімді тамақтану орындарының тапшылығы байқалған. Бұл жөнінде келушілер тарапынан әлеуметтік желілерде көптеп сын айтылып, Қ.А.Ясауи кесенесіне зиярат етушілер тарапынан кесене маңынан қолжетімді тамақтану орындарының жоқтығына көп шағым түскен.
Осыған байланысты, қолөнер мектебі ғимаратында орналасқан қолөнершілер мен кәдесый сатушылар уақытша өзге ғимаратқа көшіріліп, Яссауи кесенесіне жақын жерден келушілердің талап-тілегі негізінде тамақтану орындарын ашу жөнінде шешім қабылданған екен.
«Қолөнершілер үшін «Мәдени-рухани орталығы» аумағынан 2,56 га жер телімі қаралып, «Қолөнершілер орталығы» кешенінің эскиздік жобасы бекітілді. Жеке инвестор есебінен 2023 жылғы тамыз айында құрылыс жұмыстары басталды. 2024 жылдың екінші жарты жылдығында аяқтап, қолданысқа беру көзделген», - деді бұл туралы қала әкімі.