"Нұр Отандықтар" балалар үйінің тәрбиеленушілермен кездесті

0
1 978

Балалар үйінің тәрбиеленушілері домбырамен өнер көрсетті.


«Отбасын қолдау апталығы» республикалық акциясы аясында Түркістан облысында «Нұр Отан» партиясы филиалдары тарапынан бірқатар маңызды шаралар өткізілуде. Солардың бірі, Төлеби ауданында орналасқан №2 балалар үйінде партиялықтар қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ облыстық партия филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда балалар үйінде 56 бала тәрбиеленуде. Ана тіліне, ұлтына қарай 7 отбасы бар. Партиялықтар балалар үйінің тұрмыс-тіршілігімен және шығармашылық көрмесімен танысты.
108 балаға арналған ғимаратта 2 кітапхана, 2 тігін шеберханасы, дәрігерлік бөлме, емдеу бөлмесі, асхана, монша, шеберхана, үйірме бөлмелері, шаштараз, денешынықтыру және үстелдегі спорттық ойын түрлерінен жаттығу залы бар. Сонымен қатар, заманауи компьютерлермен жабдықталған компьютерлік сынып жұмыс істеуде.
- Бүгінгі таңда балалар үйінде 32 педагог кадр бар. Біз жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жанұядан алыстатылған балаларды дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани дәрежесі жоғары мәдениетті, парасатты, ақыл-ожданы мол, еңбекқор, іскер азамат болып қалыптастыру үшін аянбай еңбек етудеміз, - дейді балалар үйінің директоры Жәнібек Лебаев
Кездесу барысында отбасылық құндылықтары мен дәстүрлері жайында әңгіме болды. «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов алдағы уақытта балаларды қоғамға бейімдеу бойынша бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.
- Отан отбасынан басталады демекші мемлекетіміздің дамуында бұл институттың атқарар рөлі өте зор. Жетім балаларды әлеуметтік бейімдеу үшін қолайлы жағдай жасау маңызды. Біз балалар үйлерінің тәрбиеленушілер мен түлектерін әлеуметтік бейімдеу және практикалық көмек көрсету жұмыстарына жұртшылықты тарту мақсатында осындай кездесулер ұйымдастырып отырамыз, - деді ол және балаларға арнайы сый-сияпаттар табыс етті.
Шара барысында балалар үйінің тәрбиеленушілері, «Домбыра», «Драмалық топ», «Қуыршақ театры», «Вокал», «хор» үйірмелеріне қатысушылар тарапынан арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды.