Облысқа инвестиция тарту жұмыстары күшейтіліп, өндіріс орындары ашылып жатқанын айтты.
Нұралхан Көшеров Мәжіліс депутаттарымен кездесіп, өңірді дамыту бағытындағы жұмыстарды таныстырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қайрат Балабиев пен Нұрсұлтан Байтілесовпен кездесті.Кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі басымдықтар, инвестициялық жобалар, сонымен қатар Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттердің орындалу барысы талқыланды.
Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы өңірде іске асырылып жатқан ірі жобаларға, экономикалық өсімге және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Облысқа инвестиция тарту жұмыстары күшейтіліп, өндіріс орындары ашылып жатқанын айтты. Өңір басшысы бұл іс-шаралардың халықтың өмір сапасын арттыруға едәуір әсер ететінін атап өтті.
Мәжіліс депутаттары елдегі саяси реформалар мен заң шығару қызметінің негізгі бағыттарын түсіндірді. Қайрат Балабиевтің айтуынша, биыл Парламент үшін жемісті жыл болған. Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының Жолдауларында, Сайлауалды бағдарламасында және Ұлттық Құрылтайда берілген тапсырмалар негізінде 100 заң қабылдап, оның 24-іне депутаттар бастамашы болғанын жеткізді. Сонымен қатар Су, Бюджет, Салық, Құрылыс және Цифрлық кодекстер бойынша жұмыстар аяқталған.
Нұрсұлтан Байтілесов Мәжілісте қабылданған заңдарға тоқталды. Атап айтқанда, «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, Қазақстан бұл салада Еуропалық Одақтан кейін жеке заңы бар алғашқы елдер қатарынан табылған.
Кездесуде депутаттар облыс пен орталық арасындағы байланысты нығайту, мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру және кері байланысты күшейту – ел дамуының маңызды кепілі екенін жеткізді.
Айта кетсек, алдағы күндері Мәжіліс депутаттары аудандарда тұрғындармен кездесулерді жалғастырмақ.


