Нұралхан Көшеров шахматтан әлемнің үш дүркін чемпионын қабылдады

0
110

Өңір басшысы жас спортшының жетістігін жоғары бағалап, еңбегін атап өтті.


Нұралхан Көшеров шахматтан әлемнің үш дүркін чемпионын қабылдады

Түркістан облысының әкімі шахматтан жасөспірімдер арасындағы әлемнің үш дүркін чемпионын қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шахматтан жасөспірімдер арасындағы әлемнің үш дүркін чемпионы, қазақтың мақтанышы Айару Алтынбекті қабылдады. Сонымен бірге чемпионның атасы Ақжігіт Исабек пен әкесі Әлібек Амантаевты да қабылдап, ой-пікірлерін тыңдады. Өңір басшысы жас спортшының жетістігін жоғары бағалап, еңбегін атап өтті.


– Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Айару қарындасымыз –Түркістан облысының тумасы. Бүгінде еліміздің абыройын асқақтатып, көк туымызды желбіретіп жүр. Біз өзіңіздей жас чемпиондармен мақтанамыз және қолдаймыз, – деген Нұралхан Көшеров Айаруға грамота мен бағалы сыйлықты тапсырып, құрмет көрсетті.


Чемпионның атасы мен әкесі талантты қыздың спорттық жетістіктері, алдағы жоспарлары туралы баяндады. Арнайы құрмет көрсеткен өңір басшысына ризашылықтарын білдіріп, спортшыны халықаралық жарыстарға жіберуге қолдау мәселесі бойынша ұсыныстарын жеткізді.


Айару Алтынбек шахмат спортындағы бәсекелестік жоғары екенін, ел сенімін ақтау үшін бар күш-жігерін салып жүргенін айтты. Әлемнің түрлі қалаларын аралағанын, солардың ішінде Түркістан қаласының да сәулеті айрықша екеніне тоқталды.


Айта кетейік, Алтынбек Айару Әлібекқызы – шахматтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері – FIDE Master. 2011 жылы, 12 сәуірде Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Жібек жолы ауылында дүниеге келген. Әлемнің үш дүркін чемпионы (2023 жыл – Батуми, Грузия; 2024 жыл – Лима, Перу; 2025 жыл – Родос, Грекия). Қазақстанның 4 дүркін чемпионы. 2025 жылы өткен халықаралық «Queens Chess» турнирінің жеңімпазы. 13 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингте 1 орынға шыққан.


Түркістан өңірінде шахмат спортын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде облыс аумағындағы 20 спорттық мекемеде 97 жаттықтырушы қызмет атқарып, 2475 спортшымен тұрақты жұмыс жүргізуде.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес шахмат спортына ерекше көңіл бөлінуде. Шахмат спортын дамыту бойынша 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы бекітілген. Қала және аудандарда шахматшыларға қолайлы жағдай жасалған.

Бөлісу