ОҚО-да вакцинациялау жүріп жатқан жоқ

0
1 446

Бұл жерде ауру адам және бактерия тасушы деген екі нәрсе бар. Бактерия тасымалдаушы ағзада микроб бар, бірақ клиникасы жоқ.


ОҚО-да вакцинациялау жүріп жатқан жоқ

ERNUR.KZ. ОҚО-да орын алып жатқан менингококк дерті жөнінде бұдан бұрын да жариялаған болатынбыз. Бүгін облыстағы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Нұрбек Садықбекұлы Нышанов және оның орынбасары Жұмағұл Бекенбайұлы Медетов БАҚ өкілдерінің басын қосып, бриффинг өткізді.

- Өкінішке орай биылғы тіркелген 4 жағдайдың ішінен 2 жастағы балабақша тәрбиеленушісі мен 7 жастағы мектеп оқушысы қазаға ұшырады. Қалған 32 және 37 жастағы адамдар ауруханадан айығып шықты. Қайтыс болған балалар медициналық көмекке дер кезінде қаралмаған, маман-дәрігердің нұсқаулығынсыз өз бетінше емделіп, дертті асқындырып алған. Олар ауруханаға түскеннен кейін бір тәуліктен соң қайтыс болды. Жалпы алғанда індетке қарсы іс-шаралар кең көлемде жүргізіліп жатыр. Тіркелген ошақтардағы 566 қарым-қатынаста жүрген азаматтар анықталып, зертханалық тексеруден өтті. Екі жағдайда жұқпаны тасымалдаушы анықталды. Олар науқастың әкесі және отбасы мүшесі. Биылғы жылы 3362 адам тексеріліп, тасымалдаушыларға ем жүргізілді. Вакцина салу үшін өзіндік көрсеткіштер болады. Мысалы бізде 4 науқас болса 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткішіміз қазір 0,1. Бұл жерде 3 тен жоғары көрсеткіштер болған кезде жаппай вакцина егу жұмыстары жүреді. Жалпы менингитке қарсы вакцинация қажылық жасайтын азаматтарған салынады. Облыста жыл сайын 300-350 азаматтар мен азаматшалар қажылыққа барған кезде міндетті, ақылы түрде медициналық мекемелерге салынады. Біздің облысқа вакцина салудыңқажеттілігі жоқ. Вакцинация қазір Алматы қаласында жүріп жатыр. Жоғарыдағы көрсеткіштен асса ғана бізге келеді. Қазір тек қажылыққа баратындарға ғана салады бізде – деді департамент басшысы.

Департамент басшысының орынбасары Ж. Медетов қосымша мынандай ақпарат берді:

«Бұл жерде ауру адам және бактерия тасушы деген екі нәрсе бар. Бактерия тасымалдаушы ағзада микроб бар, бірақ клиникасы жоқ. Ол тасымалдаушы екендігін өзі де білмейді. Жабық мекемелерге (балалар үйі, жүйке аурулары ауруханасы) орналасатын адамдар да тиянақты тексерістен өтеді. Бактерия таза ауада көп өмір сүре алмайды, тез өліп қалады. Керісінше жабық ортада, адам көп шоғырланатын жерлерде тез тарайды.»