Өңір басшысы құрылыс саласында сақтық шаралары мен тәртіпті күшейту керек екенін айтты.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының барысын бақылады. Құрылысшылармен кездесіп, карантин кезінде санитарлық талаптардың сақталуын мықтап тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Коронавирус инфекциясына қатысты өңірдегі көрсеткіштер қуантарлық емес. Облыс аумағында карантин және шектеу іс-шаралары коронавирус індеті эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін сақталатын болады. Осыған орай, барлық аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары мен тиісті мемлекеттік органдар шектеу шараларына сәйкес жұмыс атқарулары қажет. Карантин талаптары қатаң сақталуы тиіс. Құрылыс саласында сақтық шаралары мен тәртіпті күшейту керек»,-деді облыс әкімі.
Қаладағы «Желілік саябақ» абаттандыруы аяқталуға жақын. Субұрқақ құрылысы мен жалпы суару жүйесі толық біткен. Қазіргі таңда сыртқы суғару жүйелерінің құрылысы, ағаштарды отырғызу, газон төсеу жұмыстары, сонымен бірге, аяқжолдар, керуен жолдары және канал жұмыстары аяқталып қалған. Саялы бақта бассейндер салынып, жарық шамдар қойылған. Сан алуын түрлі гүлдер мен бағалы ағаш түрлері отырғызылған.
«Әзірет сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру бойынша жұмыстары 4 кезеңге бөлінген. Мұражай аумағында жер тегістеліп, кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Субұрқақ алаңына бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында 82 жұмысшы жұмылдырылған.
Тұңғыш Президент саябағында кәріз және электр жүйелері толықтай аяқталды. Жер тегістеліп, жарық жүйесі жүргізіліп, сыртқы су сүйесімен толық қамтамасыз етілген. Саябақ аумағында 2000-ға жуық түр ағаш егілген.