Өмірзақ Шөкеев: Кентау - Түркістан қаласымен қатар дамиды

0
1 011

Кентаудың жаңа дәуірі басталды.


Өмірзақ Шөкеев: Кентау - Түркістан қаласымен қатар дамиды

Кентау қаласы әкімінің есептік кездесуіне қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығы Түркістанмен бірге Кентау қаласы да қатар дамитындығын атап өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Әкімдердің ел алдында есеп беруі кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен енгізіліп, қалыптасқан дәстүрге айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл дәстүрге үлкен маңыз беріп, жаңаша өткізу үшін өзгерістер енгізді. Өздеріңіз көріп жүргендей, жаңашылдық қарқыны жақсы. Бүгінгі кездесу соның бір дәлелі. Кентау 65 жылдық тарихы бар қала. Кезінде өндіріс өркендеген өңір болған шаһар елдегі дағдарыс салдарынан біршама қиындықтарды бастан өткерді. Қазір жағдай тұрақтанып, Кентаудың жаңа дәуірі басталды. Қала әкіміне үлкен жауапкершілік артып, сенім білдіріп отырмыз. Өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыруда жоспарлары бар. Әсіресе, әлеуметтік салаға басты бағыт беруі керек. Сондай-ақ, Кентауда ауыл шаруашылығы жақсы дамып келеді. Шет елдің тәжірибесіне сүйеніп, бұл салада да көптеген жұмыстар атқаруға болады», – деді Өмірзақ Естайұлы.

Шаһар басшысы Дәурен Махажанов әлеуметтік-экономикалық дамуы аясында атқарылған жұмыстарды баяндады.

«Былтыр қала бюджеті кіріс бөлігін 40 млрд. теңгеге орындадық. Мұндай көрсеткіш қала тарихында бұрын соңды болған емес. Қала экономикасына тартылған инвестиция көлемі 24,4 млрд. теңгеге жеткен. Индустриалды аймақта 2,9 млрд. теңгеге 10 жобаны іске іске қосу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласындағы басты бағыт – азық-түлік белдеуін құрып, жылына 3 рет өнім жинауды жүзеге асыру. Бұл салаға инвестиция мен озық технологияларды тарту. Осыған орай ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру жұмыстарын жасаудамыз», – деді қала басшысы өз баяндамасында.

Кентау қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүруде. Тозығы жеткен 300 көпқабатты тұрғын үйді толық жөндеуден өткізіп, жаңарту көзделген. Жолдар жөнделіп, көшелер толық жарықтандырылуда. Екі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта мұнда теннис корты, баскетбол, волейбол, футбол алаңшалары орналасып, веложол салынбақ. Кентауда ауысымына 500 келушіні қабылдайтын жаңа емхана бой көтерді. Мұнда емхана мен «Жедел жәрдем» стансасы орналасатын болады.

Кездесуде тұрғындардың сұрақтарына қала әкімі кең көлемде жауап берді. Жиынды қорытындылаған Өмірзақ Естайұлы көпшілікті игі істердің жүзеге асуына қолдау көрсетуге шақырды.

Есептік кездесуден соң облыс әкімі жаңадан салынып жатқан үйлердің құрылысы мен қаланың жылу жүйесіне енгізілген жаңа жобамен танысты. Алда Кентау қаласы толық автономдық жылу жүйесіне көшеді. Тұрғындар тарапынан қолдауға ие болған бастамаға облыс әкімі оң бағасын берді.