Түркістандықтарды 1 қыркүйек білім күнімен құттықтады.
Түркістан қаласында жаратылыстану-математикалық бағытта олимпиада резервін дайындайтын №28 мектеп-лицейінің тұсауы кесілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан облысының барлық білім ұяларында жаңа оқу жылы басталып, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге алғашқы қоңырау соғылды. Жаңа оқу жылының алғашқы күні Түркістан қаласында жаратылыстану-математикалық бағытта олимпиада резервін дайындайтын №28 мектеп-лицейінің тұсауы кесілді. Отырар мөлтекауданында орналасқан 900 орындық жаңа мектептің ашылуына қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев түркістандықтарды 1 қыркүйек білім күнімен құттықтады.
«Еліміздің болашағы білімді жастардың қолында. Ендеше, осы жаңа мектептің табалдырығын алғаш аттағалы отырған Сіздерді - үздік оқып, ел үмітін ақтап, еліміздің патриот азаматы болатындықтарыңызға сенемін. Қолдарыңызға алғаш алған «Әліппе» оқулықтарыңыз құтты болсын!», - деген облыс әкімі жаңа білім ордасын аралап көріп, ұстаздардың еңбегіне сәттілік тіледі.