«ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ»: Түркістанда Жетісай ауданының мәдени күндері өтті

0
176

Фестиваль мақсаты – сан ғасырлардан бері сақталып, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп беріліп келе жатқан ұлттық мәдениет пен өнерімізді дәріптеу, өлкенің туристік әлеуетін дамыту.


«ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ»: Түркістанда Жетісай ауданының мәдени күндері өтті

Жетісай ауданының мәдени көші киелі Түркістанда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түркістан қаласындағы Жетісай ауданының мәдениет күндері басталды. Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен зиялы қауым өкілдері қатысты.


Жетісай көшінің шымылдығы «Этноауыл» аумағында ауданның суретшілері мен қолөнер шеберлерінің, отандық ақын-жазушылардың туындылары мен шетелдік қаламгерлердің аудармаларынан кітап көрмесі және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен ашылды. Шара барысында ауданның қылқалам және қолөнер шеберлерін қатыстыра отырып, сурет салу, қолөнер бұйымдарын дайындау жұмыстары көпшілік назарына ұсынылып, қала тұрғындары мен Үндістан мен Түркия, Австралия мен Польша, Корея, АҚШ елдерінен келген қонақтардың оң бағасын алды. Сонымен қатар «Салт-дәстүрім салтанатым» атты ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты көріністер сахналанды. Ұлттық спорт түрлерінен арнайы сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар қаржылай және заттай бағалы сыйлықтарға ие болды.


Фестиваль мақсаты – сан ғасырлардан бері сақталып, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп беріліп келе жатқан ұлттық мәдениет пен өнерімізді дәріптеу, өлкенің туристік әлеуетін дамыту.


Айта кетейік, Жетісай ауданының мәдениет күндері екі күнге жалғасады. 24 тамыз күні «Этноауыл» аймағында сағат 10:00-де «Байтақ елім, Қазақстан!» атты Жетісай ауданы шығармашылық өнер мектептерінің концерттік бағдарламасы өтсе, 12:00-де «Асықата» халық театрының «Салт-дәстүр – салтымыздың салтанаты» атты көрініс қойылады. Ал, сағат 19:00-де «Керуен сарай» аумағында «Түркістаным – Тұраным, Жетісайым – Жұмағым» атты аудан өнерпаздарының гала-концертімен қорытындыланады.