ОҚО әкімі Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумына келген Өзбекстан делегаттарымен кездесті

0
2 186

Өзбек делегациясымен болған екіжақты кездесуде сауда-экономикалық қарым-қатынасты одан әрі дамытып, тауар айналымды арттыруға бағытталған бірлескен жүйелі жұмыстарды атқару жайы сөз болды.


ОҚО әкімі Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумына келген Өзбекстан делегаттарымен кездесті

ERNUR.KZ. Бүгін Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы аясында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Өзбекстан Республикасының сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы АдхамИкрамов пен Сыртқы сауда министрінің орынбасары Сохиб Сайфназаров бастаған делегацияны қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қасиетті Рамазан айында алғашқы бірлескен іскерлік кеңестің бірінші кездесуі мен бизнес-форумның Оңтүстік жерінде өткізіліп жатқанына қуанышты екенін жеткізген облыс әкімі өзара іс-әрекеттер жақын болашақта өз нәтижесін береріне сенім білдірді.

«Біздің облыс Өзбекстанмен шекаралас, бұл аймақ үшін де бүкіл ел үшін де өте маңызды фактор болып табылады. Бұл өз кезінде экономиканың барлық салаларында екі жақты қатынастарды дамытуға үлкен мүмкіндіктер береді»,-деді аймақ басшысы.

Өзбек делегациясымен болған екіжақты кездесуде сауда-экономикалық қарым-қатынасты одан әрі дамытып, тауар айналымды арттыруға бағытталған бірлескен жүйелі жұмыстарды атқару жайы сөз болды.

Өз кезінде мәртебелі мейман Адхам Икрамов екі елдің ғасырдан бері жалғасқан достық қарым-қатынасы одан әрі жандана түсетінін айтып, бүгінгі өтіп жатқан іскерлік жиында ОҚО кәсіпкерлері мен өзбекстандық бизнесмендер арасында сауда-экономикалық байланыс нығая түсетініне сенімді екенін жеткізді.

Өзбекстан - Орталық Азиядағы Қазақстанның ірі сауда серіктесі. 2018 жылдың бірінші тоқсанында елдер арасындағы сыртқы сауда айналым өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артқан. Ал жыл соңына дейін екіжақты сауданың көлемін 3 миллиард АҚШ долларына дейін арттыру жоспарлануда.

Айта кетейік, 11-12 мамыр күндері Шымкент қаласында «Оңтүстік Қазақстан-Өзбекстан» тоқыма өнеркәсібі өнімдерінің бірлескен көрмесі өткен болатын. Көрмеге тоқыма, киім және теріден жасалған өнімдер, фармацевтика, жиһаз, сувенирлер, спорттық тауарлар мен ойыншықтар өндіретін оңтүстікқазақстандық және өзбекстандық 60-қа жуық кәсіпорындар қатысқан.