ОҚО әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

0
2 018

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтың өкімімен облыс әкімінің орынбасары болып Ербол Қуанышұлы Тасжүреков тағайындалды. Бүгін өңір басшысы жаңа облыс әкімінің орынбасарын әкім аппаратына таныстырды.


ОҚО әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтың өкімімен облыс әкімінің орынбасары болып Ербол Қуанышұлы Тасжүреков тағайындалды. Бүгін өңір басшысы жаңа облыс әкімінің орынбасарын әкім аппаратына таныстырды,-деп хабарлайды ERNUR.KZ ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Салдарұлы Жамалов басқа жұмысқа ауысуына байланысты, бүгін облыс әкімінің орынбасары лауазымына Ербол Қуанышұлы Тасжүреков тағайындалып отыр. Ал, Бауыржан Салдарұлы өзіне жүктелген салаға жетекшілік ету барысында бірқатар жақсы бастамалар, оң өзгерістер енгізді, олар алдағы уақытта жалғасын табатын болады. Өз атымнан және әріптестерімнің атынан алғыс білдіремін. Енді Ербол Қуанышұлы осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра отырып, өзінің біліктілігі мен іскерлігін дәлелдеп өңір экономикасының дамуына үлесін қосады деп сенім білдіремін»,-деді Ж.Түймебаев.

Ербол Қуанышұлы 1979 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі - экономист, заңгер, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі. Ол М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің, Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық Казақ-Түрік университетінің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі болып табылады. Сонымен қатар, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты, Франция Республикасының Ұлттық әкімшіліктендіру мектебін бітірген.

Е.Тасжүреков 1998-2001 жылдары «Қазнұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің менеджері ретінде еңбек жолын бастап, кейін «Седанко-Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары, «Профиль-Lux» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болып еңбек еткен.

2007-2013 жылдары Астана қаласының №2 Алматы аудандық сотының маманы, Астана қалалық сотының бас маманы, Астана қаласы сотының кеңсе меңгерушісі лауазымдарында болған.

2013-2016 жылдары ҚР Өңірлік дамыту министрлігі Кәсіпкерлік саясатын дамыту департаменті басқармасының басшысы, Өңірлерді мониторингілеу және бағалау департаменті басқармасының басшысы, Ұлттық экономика министрлігінің Өңіраралық ынтымақтастық, талдау және өңірлерді бағалау департаменті директорының орынбасары қызметін атқарған.

2016 жылдың қараша айынан бастап бүгінгі күнге дейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары лауазымында еңбек етіп келген.