Ордабасы ауданында ауыл шаруашылық мақсатындағы жер көлемі 208 мың 662 гектарды құрайды.
Түркістан облысында Ордабасы аудандық ауыл шаруашылық бөлімі мен Бөржар ауыл округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен, "Александровский сад" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен "Alma Ata Teknik Tarim San. ve Tik LTD" компаниясы басшыларының қатысуымен "Өнеркәсіптік негізде қарқынды алма бау мен сүйекті жемістерді өсірудің болашағы мен даму жолдары" тақырыбында семинар өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Семинарға қатысушылар алдымен қарқынды бау жұмысын жүйеге қойып үлгерген "Александровский сад" ЖШС өнімдерінің көрмесін тамашалап, жемістерінің дәмін татты. Серіктестік төрағасы Бахтияр Тағаев баудың бүгінгі ахуалы жөнінде баяндап, қарқынды бау өсірудің тиімділігін тілге тиек етті.
«Александровский сад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 17 гектар жерге жаңа технологиямен тамшылатып суғару әдісімен бау егуді 2016 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Жобаға «ҚазАгроҚаржы»АҚ арқылы 104 млн. 719 мың теңге бөлінген. Өндіріс қуаттылығы жылына 6000 тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда мұнда 30 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, тамшылатып суғару бойынша егіс алаңын ұлғайту мақсатында биылғы жылы жалпы инвестициялық құны 1,5 млн. тг құрайтын «2 гектар жерге 200 дана жаңғақ көшетін отырғызу» жобасын қолға алды.
Семинар барысында сондай-ақ, "Alma Ata Teknik Tarim San. ve Tik LTD" компаниясының басшысы Атилла Каплан да өз тәжірбиесімен бөлісті. Жалпы, Ордабасы ауданында ауыл шаруашылық мақсатындағы жер көлемі 208 мың 662 гектарды құрайды.
Үш жақты келісім бойынша 56 553 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егіліп, жоспар 102 пайызға орындалды. Жыл басынан бері 700 гектарға тамшылатып суғару әдісі енгізілді.