Облыс орталығының даму қарқыны аймақ басшысының тікелей бақылауында.
Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстарын аралап шықты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында бой көтерген тұрғын үйлер мен «RIXOS» және Хэмптон қонақ үйлері, Керуен сарай, кітапхана, Тұңғыш Президент саябағы және «Әзірет-Сұлтан» қорық мұражайындағы құрылыс және абаттандыру жұмыстарының барысын бақылады.
Ауқымды құрылыс алаңына айналған көне шаһарда құрылыс жұмыстары бір сәтке де тоқтамақ емес. Өңір басшысы Өмірзақ Естайұлы қаладағы құрылыс нысандарын аралап, құрылысшылардың жұмыс жағдайына аса мән беру керек екенін жеткізді. «Барлық жұмыстар уақытылы әрі санитарлық талапқа сай жүргізілуі тиіс» - дейді аймақ басшысы өз сөзінде.
Сондай-ақ, Өмірзақ Естайұлы қала көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарын да тексерді. Биылғы жылы жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында әкімшілік-іскерлік орталығына іргелес орналасқан, яғни инфрақұрылымы толық аяқталған аймақтарда 106,3 шақырымды құрайтын 81 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 58 көшеде жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыс орталығының даму қарқыны аймақ басшысының тікелей бақылауында.