Тегін көмірге қол жеткізген отбасылардың қуанышында шек жоқ.
Түркістан облысы, Отырар ауданының кәсіпкерлері 163 отбасыға тегін көмір түсіріп берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қылышын сүйрете келіп жеткен қыс мезгілінің алғашқы ызғарын да отырарлықтар сезіне бастады. Қыстық қатты отын алуға қауқары жетпей қамкөңілмен жүрген аз қамтылған отбасыларға отырарлық кәсіпкерлер қол ұшын беріп, үлкен азаматтық танытты. Туған жердің әрбір маңызды мәселесіне шет қарамайтын жаны жомарт, қолы ашық абзал азаматтар ауданымызда аз емес екендігіне көз жеткіздірді.
Отырар ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен қолға алынған игі бастамаға «Саутс Ойл», «Азия Агро Групп», «Омар ата», «Ақжол» ЖШС-мен қатар, ауылдан шыққан бір топ жеке кәсіпкерлер де өз үлестерін қосты.
Қараша-желтоқсан айлары аралығында ауданның жекелеген елдімекендері бойынша 163 отбасыға жомарт жандар 250 тонна көлемінде қыстық отын алып, өздері жеткізіп берген.
Қарапайымдық пен ізгілікті жандарына серік еткен демеушілерге көмек алушылар алғысын жаудыруда.
Дереккөз: Отырар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі