Тұрғындардың басым бөлігі жер, архитектура, кәріз жүйесі және жол мен тұрғын үй мәселесін көтерді.
Қала әкімі Рашид Аюпов алдын ала кезекке жазылған тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдап, сауалдарына назар аударды. 135 тұрғын әкім қабылдауына жазылған болса, соның 100-ге жуығы бүгін карантин режимінің сақтық шараларын сақтай отырып, сұрақтарын қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қала әкімі орынбасарлары мен жауапты бөлімдер жедел шешілетін сауалдар бойынша тұрғындармен бірге барып, анықтады.
Келушілердің басым бөлігі жер, архитектура, кәріз жүйесі және жол мен тұрғын үй мәселесін көтерді. Атап айтқанда, жер учаскелерін заңдастыру, жердің мемлекет мұқтаждығына алынуы және жер кезегі бойынша көптеп сұрақтар қойылды. Жер учаскелерін заңдастыру үшін өтініш беру арқылы комиссияда қаралатыны айтылды. Өтінішті азаматтар Халықтық кеңсе арқылы қала әкімінің атына жазуы қажет. Сонымен қатар, заңдастыруды оңтайландыру үшін регламенттің қыркүйек айында бекітілуі жоспарланғаны хабардар етілді.
"Қоғамдық көліктер бойынша түсіп жатқан сауалдар көп. Осы бойынша баршаңызды құлағдар етуді жөн көрдім. Мамыр-маусым айлары ішінде қалаға 20 автобус әкелінбек. Жыл соңына дейін тағы 50-ін алу жоспарда бар. Одан өзге, барлық бағыттардың кестесін жаңартып, оңтайландыру жұмысын қолға алдық. Бұл ретте, тұрғындардың өтініштері назарға алынады", - деген Рашид Абатұлы қоғамдық көліктер саны артатынын айтып өтті.
Жалпы, жаңа автобустар №16, №17 бағыттарға қойылады. Олар Қызылорда, Шәуілдір тасжолы аумағынан Шымкент қаласынан кіре беріс аумақтар арасында қатынайды.