​РЕСПУБЛИКА КҮНІ: ОРДАБАСЫДАҒЫ ШҰБАРСУ АУЫЛЫНА ГАЗ БЕРІЛДІ

0
84


​РЕСПУБЛИКА КҮНІ: ОРДАБАСЫДАҒЫ ШҰБАРСУ АУЫЛЫНА  ГАЗ БЕРІЛДІ

ERNUR.KZ. Республика күніне орай Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылына көгілдір отын берілді. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.


“ Ордабасы ауданының Шұбарсу ауылында табиғи газбен жабдықтау желілері іске қосылып, осындағы елдің арманы орындалып отыр. Бүгінгі іс-шара Республика күнімен тұспа тұс келіп отыр. Осы орайда баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Енді ауылдың 30 000 нан астам тұрғыны газдың игілігін көріп, тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік алады. Баршаңызды бүгінгі қуанышты күнмен тағы да құттықтаймын! Әр шаңыраққа жылу мен береке, амандық пен молшылық тілеймін! “– деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.

Жоба төрт кезең бойынша жүзеге асырылуда. Бүгінде үшінші кезеңі аяқталды. Барлық кезең толық іске қосылған кезде 15 133 абонентті табиғи газбен қамту көзделген. Ішкі газ желілерінің үшінші кезеңіндегі құрылыс жұмыстарын «Газовое хозяйство «Шымкентгаз» ЖШС жүргізді. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 405 млн 970 мың теңге.

Құрылыс жұмыстары аясында жалпы ұзындығы 122,464 шақырым газ құбыры тартылды. Оның 67,786 шақырымы болат, 54,678 шақырымы полиэтилен құбырынан тұрады. Сонымен қатар 20 газ реттеу шкафтық пункті орнатылды. Нәтижесінде осы кезең бойынша 3 246 абонентті табиғи газбен қамту қарастырылған.

Қазіргі таңда елді мекеннің ішкі газ желілерін салудың төртінші кезеңінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Жобаның тапсырыс берушісі – Ордабасы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Нысанның қуаттылығы сағатына 1 760 текше метрді құрайды.

Айта кетейік, биыл облыста 34 елді мекендегі 36 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бүгінгі таңда 20 елді мекен газға қосылған.