Ұлы композитордың туған күні қарсаңында басталған айтулы орындардың ашылу салтанаты кең көлемде атап өтілмек.
Отырар ауданында «Шәмшінің әні-халықтың әні» атты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Шәмші жайлы қалам тербемеген қаламгер кем де кем шығар. Ал, Шәмшісін ардақ тұтып, ескірмес естеліктерін жиі ойға алатын көз көргендері мен жерлестерінің ыстық ықыласы одан да ерекше. Шәмші - отырарлық болғаны мақтаныш қана емес, ұлы дарын иесі ауасын жұтып, қара топырағын басқан аймақтағы әрбір жанның баршаға үлгі - қасиет иесі, ой мен бой түзеуге лайық тәрбие адамы болуы әбден ләзім. Толғаныс пен сағынышқа толы бұл пікірді бүткіл қазақ жұрты ұлықтап "Ән патшасы" атаған Шәмші Қалдаяқовтың көзін көргендер білдірді.
Ғасырлар қойнауында қаншама ұлылардың есімін қайталап, тарихтың төл беттерінде алтын әріппен жазылған мәңгілік бейнелерді өмір көшінде жаңғыртып келе жатқан киелі Отырар жерінің ұлы дәстүрі Шәмшідей шамшырақ тұлғамен тағы да шамын жаққаны белгілі. Арысты аялап, Ақсудың толқынын әнмен тулатқан, Теріскейдің келбетін ән етіп, Отырардың пейілі мен қонақжайлылығын әрбір нота дыбысымен-ақ елестеттіре білген ұлы композитордың 88 жылдық төл мерекесін отырарлық жерлестері «Шәмшінің әні-халықтың әні» еске алу кешімен атап өтті. Дара тұлға рухына құран бағыштап, ескерткішіне гүл шоқтарын қойған Отырар ауданының әкімі Айтаханов Ерлан Қуанышұлы бастаған аудан активі және зиялы қауым өкілдері мен сазгердің көзін көрген абыз ақсақалдар, ауыл тұрғындары Шәмші Қалдаяқов ауылдық мәдениет үйі фойесіндегі ұлы композитор жайлы құнды жәдігерлер мен кітаптардан жасақталған көрмені тамашалап, дөңгелек үстелде бас қосты.
«Қазақ ән өнерінің тарихында өшпестей із қалдырған, халқымызға ғажайып әсем әндерін сыйлап кеткен сазгер, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқов - халқымыздың біртуар ұлдарының бірі, әрі бірегейі. Шәмші әндері ғажайып саздылығымен, лирикалық сарынымен, туған жерге, елге деген айрықша сүйіспеншілігімен ерекшеленеді. Оның шығармашылық жағынан сіңірген еңбегі - қазақ эстрадалық әндерінің әуенін ұлттық нақышпен құнарландыруында, халықтық қайнармен қабыстыруында жатыр. Қазір ұлы сазгердің әндерін кей шет мемлекеттің халқы ерекше ықыласпен айтып жүр. Бұл - келешекте Шәмшіні әлем халқы танып, оның туған жеріне келуге қызығушылық танытатындардың саны артады деген сөз. Біз өз кезегімізде Шәмші ауылына келушілерге қолайлы жағдай жасап, тиісті жұмыстар атқаратын боламыз. Бүгінгі таңда осы бағыттағы бағдарлы жұмыстар басталып та кетті» -деді, аудан басшысы Е.Айтаханов.
Басқосуда Шәмшінің көзін көрген замандастары мен туыстары естеліктер айтып, сазгер бойындағы ерекше ізгі қасиеттерін сөз етті.
Жиналған көпшілік "Ән аға" фильмінде Шәмші Қалдаяқовтың рөлін сомдаған аудандық Мәдениет үйінің әншісі, "Ерен еңбегі үшін" төсбелгісінің иегері - Мейірбек Қауымбаевтың сағынышқа айналған ардақты жанның кейпімен оның әндерін қасиетті қара домбырамен шырқауы ерекше әсерге бөледі.
Ән аға Отырарға қайта келгендей сағынышқа бөленген замандас, туыстары "Арыс жағасында", "Ақсудан ұшқан аққуым", "Отырардағы той" сынды бірқатар әндерін қосыла шырқады.
Аудан өнерпаздары да жанды дауыста композитордың мәңгілік шығармаларын орындап, концерттік бағдарлама ұсынды.
Кездесу кешінен соң аудан әкімі ауылдағы жаңадан салынып жатқан «Шәмші» саябағы мен елдімекенді газдандыру жұмыстарын аралап, жұмыстарды қадағалап шықты.
Айта кетсек, алдағы уақытта даңқты дарын иесінің есімімен аталатын Шәмші Қалдаяқов ауылында еңселі ескерткіш пен жаңа саябақ және ашық аспан астындағы сахна бой көтермек. Қазіргі таңда, қарқынды құрылысы жүріп жатқан бұл аймақта жолдар төселіп, нысанның негізгі жұмыстары қалану үстінде. Ұлы композитордың туған күні қарсаңында басталған айтулы орындардың ашылу салтанаты кең көлемде атап өтілмек.