Жауын-шашын 20-наурызға дейін толассыз жаууы ықтимал.
Түркістан облысының Оңтүстік аймақтарында толассыз жауған жаңбырмен күрес жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мақтаарал және Жетісай аудандарында жауған жауын-шашын әсерінен көшелерді, аула аумақтарын су басу жағдайы орын алған. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің су басуына жол бермеу мақсатында ТЖД қызметкерлерінің көмегімен жаңбыр суын сору жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев мәлімдеді.
«Соңғы 30 жылдан бері аталған аудандарға мұндай көлемде жауын жаумаған. Аудан халқы егін шаруашылығымен айналысатын болғандықтан егістік алқаптарын сордан шаю жұмыстарын атқару мен жерасты сулары мөлшерінің көтерілуі де жауын суының жерге сіңіп кетуіне кедергі келтіруде. Жауын-шашын 20-наурызға дейін толассыз жаууы ықтимал. Табиғаттың тосын мінез танытуынан құлаған тұрғын үй дерегі тіркелмеді»,- деді Ерік Темірханұлы.
Айта кетейік, жедел әрекет ету жұмыстарына Төтенше жағдай департаментінің 124 маманы жұмылдырылған. Қазіргі таңда 24 техника мен 55 мотопомпа көмегімен 169 аула аумағынан 19635 текше метр су сорылған.