Желтоқсаннан бастау алған тәуелсіздік елдің алыс арманына жеткізді.
Түркістан облысы Келес ауданында 16 желтоқсан Қазақстан Республикасның Тәуелсіздігіне орай мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Келес аудандық Мәдениет үйінде 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 27 жыл толуына арналған «Тәуелсіздік-еркін елдің ұраны, жасұрпағы-болашағы қыраны» атты салтанатты жиын өтті.
Еліміздің Әнұранымен бастау алған салтанатты жиынға Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев, аудандық мәслихат хатшысы Арын Тотиков бастаған аудан активі және аудандық мемлекеттік мекеме басшылары, аудандық ардагерлер кеңесі мүшелері, сондай-ақ аудан халқы қатысты. Жиынды ашып беру, Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтау және марапаттау үшін аудан әкімі Тәуелсіздіктің арманға жеткізгенін тілге тиек етті.
- Желтоқсаннан бастау алған тәуелсіздік елдің алыс арманына жеткізді. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Мемлекетімізбен ауданымыздың қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Елбасымыздың сарабдал саясатының, ауылға, жастарға деген бағдарламаларының арқасында қаншама игі істер атқарылуда. Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болсын. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміз мәңгілік болсын! Мерекелеріңіз мерекеге ұлассын, - деді ол.
Сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, аудан әкімінің алғыс хатымен қоғамға еңбегі сіңген азаматтарды марапаттады. Аудандық мәслихат хатшысы Арын Тотиков та Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ақ тілегін білдірді.
Салтанатты жиын соңы аудандық Мәдениет үйінің шағын концертіне ұласты.