Түркістан қаласында түрмеде жазасын өтегендер жұмыспен қамтылып келеді

0
1 243

42 сотталушыға жазасын белгілі бір жұмыспен өтеу туралы соттың шешімі шыққан. Олардың ішінде қос бірдей нәзік жанды бар.


Түркістан қаласында түрмеде жазасын өтегендер жұмыспен қамтылып келеді

Түркістан қаласында жаза басып, жаңылғандарды жұмыспен қамту мәселесі оң шешімін тауып келеді. Статистикаға сүйенсек, шаһарда 309 адам арнайы есепте тұрады. Олармен мемлекеттік бағдарлама аясында нақты қандай жұмыстар жүргізілетіндігі жөніндегі мәселе қала әкімдігінде өткен жиында айтылды деп хабарлайды shymkenttv.kz.

Қалалық пробация қызметіне тіркелгендердің басым бөлігі - темір тордың арғы жағында жазасының біраз бөлігін өтеп шыққандар. 42 сотталушыға жазасын белгілі бір жұмыспен өтеу туралы соттың шешімі шыққан. Олардың ішінде қос бірдей нәзік жанды бар. Өткен жылдан бері сол азаматтардың барлығын жұмысқа орналастыру үшін аудан билігі бірқатар шараларды қолға алды. Алдымен, есепте тұғандар жұмыссыз ретінде тіркеліп, кейін олардың жұмысқа бейімділігіне зерттеу жасалған. Тағдыр жазуымен түрме тіршілігін көргендер үшін қалада арнайы Пробация үйі жұмыс істейді. Мекеме жазып-жаңылған тұлғаларға құқықтық кеңес береді. Психологиялық тұрғыда демейді. Мемлекеттік көмектердің қолжетімділігін арттырады.

Есепте тұратындарға жалпы сараптама жүргізілді. Олардың қандай іспен айналысатынын қарадық. Қазір тек ақылы қоғамдық жұмыстарға алынып отыр. Енді біздің мақсатымыз - тұрақты жұмысқа жіберу.Бізде 5 азамат медициналық көмектер қабылдауға дәрігерлерге жолданған. Атап айтар болсақ, Камал, Сабыржан, Ақтөре, Ертай және Роман. Оларға қажетті көмектер көрсетілді, -- дейді Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Эльмира Тасқараева .

Жаза басып, жаңылғандарды жазалай бермей, қайта оларды қоғамға бейімдеу – бүгінгінің басты талабы. Сондықтан, рухани шаһарда бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.