Бір жарым жылдан астам уақыттан бері Түркістан жұртшылығы футболды сағынып қалған екен.
«Тұран» командасы жасыл алаңы жөндеуден өткен «Түркістан арена» стадионында «Шахтер» футболшыларын қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.КZ.
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 20-тур ойындары өтті. Түркістан облысының намысын қорғайтын «Тұран» командасы жасыл алаңы жөндеуден өткен «Түркістан арена» стадионында Қарағандының «Шахтер» футболшыларын қабылдады. Бір жарым жылдан астам уақыттан бері Түркістан жұртшылығы футболды сағынып қалған екен. 7 мың жанкүйер жиналып, стадион толық толды. Тартысты бәсекені Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы тамашалап, футболшыларға қолдау көрсетті.
Турнир кестесінде 11-орында тұрған «Тұран» командасы өз алаңында 13-орында тұрған қарағандылық қарсыласын толассыз шабуылдармен қарсы алды. Алғашқы минуттан өткір шабуылдар ұйымдастырып, ойын тізгінін қолға алды. Сондай шабуылдардың бірі жемісін беріп, ойынның 26-минутында Иван Хомуха есеп ашты. Осылайша, бірінші тайм алаң иелерінің пайдасына шешілді.
Екінші тайм алма-кезек шабуылдармен жалғасты. Алаң иелері есепті еселеуге тырысса, қонақтар теңестіруді көздеді. Сондай ұрымтал сәттің бірінде «Тұран» қақпасына пенальти белгіленді. Айып соққысын қақпашы қайтарғанымен, төреші сол сәтті VAR жүйесінен көріп, пенальтиді басынан тепкізу туралы шешім қабылдады. Ашортия есепті теңестірді. Бұл 67-минут болатын.
Қиын жағдайға тап болған түркістандықтар жанкүйерлердің қызу қолдауымен алға ұмтылды. Аса тартысты матчта қос команда сапынан да бір-бір ойыншыдан қуылғанын айта кеткен жөн. Дегенмен «Тұран» ойыншылары соңына дейін шайқасты. Ойынның 99-минутында Мишов жеңіс голын салып, командасына аса маңызды 3 ұпайды сыйлады. «Түркістан арена» стадионына жиналған 7000 жанкүйер қуаныштан шаттанып, «Түркістан» әнін бірге шырқады. Осылайша, Түркістанға үлкен футбол тамаша жеңіспен оралды.