Түрік компаниясы Түркістанға 625 млн $ инвестиция салуға дайын

0
3 548

30 жылдан астам тарихы бар түркиялық «DAL Holding Investment Company» холдингі Түркістан облысының 200 га жер аумағында инвестициялық құны 500 млн. АҚШ долларын құрайтын жылыжай салуды көздеп отыр.


Түрік компаниясы Түркістанға 625 млн $ инвестиция салуға дайын

Бүгін Түркияның Анкара қаласында Қазақстан-Түркия екі ел бизнес форум өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Оған қос елдің 200-ден астам ресми тұлғалары мен ірі кәсіп иелері қатысты. Түркістан облысынан барған делегацияны бастаған аталмыш өңір басшысының орынбасары Ербол Тасжүреков түркиялық ірі холдингтер мен компаниялар басшыларымен келіссөздер жүргізді. Түрік инвесторларына Түркістанның инвестициялық тартымдылығы жоғары, ары қарай дамытып және кеңейтуге болатын салалары: жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, туризм таныстырылды.

Нәтижесінде, сәтті бизнес жасауда 30 жылдан астам тарихы бар түркиялық «DAL Holding Investment Company» холдингі Түркістан облысының 200 га жер аумағында инвестициялық құны 500 млн. АҚШ долларын құрайтын жылыжай салуды көздеп отыр. Жобаны жүзеге асыру барысында жылыжай аумағында орау материалдарымен қамтамасыз етілетін тоңазытқыш көкөніс қоймасы салынады. 1000-нан астам жұмыс орны ашылады.
Келесі түрік «Dilmen Dekorasyon inş. Taah. Tic. Ltd Şti» компаниясы 2019 жылы Түркістан облысында жиһаз шығаратын фабриканың құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Тартылатын инвестиция көлемі 5 млн. АҚШ долларын құрайды, нәтижесінде 130-дан астам жұмыс орны пайда болады.
Сонымен қатар, баламалы және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағыты бойынша «Çalık Enerji» және «Zorlu Holding – Zorlu Enerji» атты екі ірі түрік компаниялары 50 МВт қуаты бар күн электр станцияларын салу мақсатында жалпы құны 120 млн. АҚШ долларын құрайтын инвестиция құюға дайындықтарын білдірді. Түркістан облысы – жыл бойы күн жарығына бай өңір, сондықтан мұнда ЖЭК дамуының перспективасы жоғары.
Кездесулер мен келіссөздер қорытындысы бойынша Түркістан облысы әкімдігі мен ірі түрік компанияларының арасында жалпы инвестиция көлемі 625 млн. АҚШ долларын құрайтын 4 меморандум түзілді. Қос тарап бұл меморандумдар Қазақстан және Түркия елдеріндегі бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды механизміне айналатындығына, сондай-ақ, тығыз коммерциялық байланыстарды дамытып, екіжақты инвестициялар көлемінің ұлғаюына және технологиялар трансфертіне негіз болатындығына сенім білдірді.