Тұрмыстық жанжалдан араша сұрағандар да болды.
Арыста қала әкімінің кезекті қабылдауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова «Nur Otan» партиясының Арыс қаласындағы кеңсесінде азаматтарды жеке өтініші бойынша дәстүрлі қабылдау өткізді. Тиісті сала тізгінін ұстаған жетекшілер мен бөлім басшылары және мүдделі мекеме мамандары қатысқан шараға алдын ала 11 адам жазылып, 9 тұрғынның мәселесі талқыланды.
Арыс қаласындағы зағиптардың әлеуметтік мәселесін сөз еткен қала тұрғыны Серік Құдайқұлов өзі тұратын аудандағы жол мен жарық мәселесін және балаларға арнап ойын алаңшасын салып беруді сұрады. Гүлжан Мамытқызы бұған дейін аталған мәселелер айтылғандықтан, қазіргі кезде тиісті деңгейде сметалық құжаттандыру мен оны қаржыландыру тетіктері талқыланып жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар, жеке қабылдауға Шаттық көшесіндегі 5 үйдің тұрғыны Мейрамгүл Төтенова бір топ көршісінің арыз-шағымын айта келді. Оның түсіндіруінше, үй іргесінде бос жатқан иесіз жердің тазалығы тұрғындарды алаңдатады. Әкім тапсырмасына орай, жер иесі анықталып, құжаттандыру жайы реттелгенге дейін тазалық мәселесін «Қызмет сервис» ЖШС-і жүзеге асыратын болды.
Айта кетейік, қала әкімінің қабылдануында бірқатар мәселелер оң шешімін тапса, кейбір түйінді тарқатудың тетіктері қызу талқыланды. Оның ішінде жер мен үй-жайдың тазалығы, жұмысқа орналасу, тұрғын үй кезегі, баспананы жөндеуден өткізу мәселесі айтылып, тіпті тұрмыстық жанжалдан араша сұрағандар да болды. Осыған орай, қала әкімі тарапынан жауапты бөлімдер мен сала мамандарына қатысты нақты тапсырмалар берілді.