ТҮРКІСТАН: 104 мың тұрғын сапалы электр қуатымен қамтылды

0
477


ТҮРКІСТАН: 104 мың тұрғын сапалы электр қуатымен қамтылды

Былтыр Түркістан облысында 40 елді мекен, 104 мың тұрғын сапалы электр қуатымен қамтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында жалпы 412,1 МВт электр энергиясын өндіретін 26 электр көздері бар. Оның ішінде, «Шардара СЭС» АҚ – 126 МВт, «Кентаусервис» МКК – 7,5 МВт, 24 жаңартылатын энергия көздері – 278,6 МВт. Өткен жылы өндірілген электр энергия көлемі сағатына 992,8 млн кВт болса, биыл 1020,0 млн кВт-қа жеткізу көзделуде. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Облыс басшысы жауапты сала башыларының жұмысын сынға алып, бірқатар тапсырмалар жүктеді.


«Біз басқарма басшылары және құқық қорғау органдарымен бірге үнемі аудан, қалаларда бірыңғай қабылдау өткізіп отырамыз. Жеке қабылдауларда тұрғындар тарапынан коммуналдық мәселелер көп көтеріледі. Соның ішінде, сапалы электр энергиясымен қамту мәселесі де бар. Облыстың жарығына жауапты мекеме басшылары, сіздер әр ауылды жеке-жеке аралап, жағдайды біліңіздер. Жеке қабылдау өткізіңіздер. Табыс тапқыларыңыз келсе, халыққа шығыңыздар. Қағаз бойынша емес, бізге нақты нәтиже керек. Кемшіліктер бойынша жұмысты күшейтіңіздер. Инвестициялық жобаларды қайта қараңыздар», – деді Дархан Сатыбалды.


Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың баяндауынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыста 922,8 млн кВт/сағ өндірілген. Ал барлығы 4 310,8 млн кВт/сағ электр энергиясы тұтынылған. Оның ішінде, облыста 21,4 пайыз немесе 922,8 млн кВт/сағ өндірілді, ал 78,6 пайыз немесе 3388 млн кВт/сағ электр энергиясы солтүстік энергия көздерінен алынды. 2023 жылы сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша 2023 жылға 10,3 млрд теңге бөлінді (Ұлттық қор – 3,9 млрд теңге, республикалық бюджет – 3,4 млрд теңге, облыстық бюджет – 3 млрд теңге). Жалпы құны 10,3 млрд тенге болатын 66 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның ішінде, 36 нысан аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Нәтижесінде, 40 елді мекен, 104 мың халық сапалы электр қуатымен қамтылды. Ал, 30 нысанның құрылысы 2024 жылы аяқталады.


Биыл өңірде 54 нысанның құрылысы жүргізілмек. Оның 28 нысанын биыл аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Нәтижесінде, 44 елді мекен, 49,8 мың тұрғын сапалы электр қуатымен қамтылады. Қалған 26 нысанның құрылысы 2025 жылға өтпелі.


Аталған салада жаңа энергия көздерін салу, дәстүрлі энергия көздерін дамыту бойынша жұмыстар атқарылуда. 2030 жылға дейін 1117 мвт электр қуатын пайдалануға беру жоспарлануда. 2021-2030 жылдар аралығында ЖЭК нысандары саны 47-ге жеткізілетін болады.


Жиында биыл пайдалануға тапсырылатын нысандардың қазіргі таңдағы құрылыс жұмыстарының барысы талқыланды. Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға нысандарды уақытында тапсыруды міндеттеді.