ТҮРКІСТАН: 107 білім мекемесінің жылу жүйесі газға ауыстырылды

0
98

Дархан Сатыбалды сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.


ТҮРКІСТАН: 107 білім мекемесінің жылу жүйесі газға ауыстырылды

Түркістан облысында білім саласын дамыту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында білім саласын дамыту, білім мекемелерінің инфрақұрылымын жақсарту, мектеп тапшылығын жою бағытында жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы саладағы жұмыстар баяндалып, кемшіліктер де айтылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.


– Білім саласындағы өзекті мәселелерді шешуді тапсырған болатынмын. Мектептердің оқу кабинеттерін жабдықтау, құрылысын уақтылы жүргізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жалғасуы тиіс. Білім мекемелеріне цифрлық жүйелерді енгізу бойынша нақты ұсыныс беріліп, тиісті жұмыс атқарылсын. Бөлінген қаржыны дұрыс игеріп, тиісті жұмысты уақтылы атқару керек. Біз бұл саладағы жұмыстарды қатаң бақылауда ұстаймыз,– деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға жүктелген міндеттерді сапалы орындауды жүктеді.


Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекованың мәлімдеуінше, биыл облыстағы 107 білім беру мекемесінің жылу жүйесі табиғи газға ауысты. Оған білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен 2,2 млрд. теңге (79 мектепке – 1,85 млрд. теңге, 28 балабақшаға – 350 млн. теңге) қаржы қаралған. Қазіргі таңда 107 мекемдегі жұмыс толық аяқталып, мекемелер табиғи газға қосылды. Нәтижесінде табиғи газға қосылған білім нысандарының саны 800-ге жетті. Бұл жұмыстар көмірге деген сұранысты 79 мың тоннаға дейін төмендетіп отыр. Ал 2025 жылы тағы 100 білім беру мекемесінің жылыту жүйесін қатты отыннан (көмір) табиғи газға ауыстыру жоспарлануда. Оған болжаммен 2 млрд. теңге қаржы қажет. Бұл жұмыстарды білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен шешу жоспарланып отыр.


Облыста балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында іс-шаралар бекітіліп, тиісті жұмыс жалғасуда. Нәтижесінде ерте жүктілік, жасөспірімдер арасындағы суицид пен қылмыс дерегінің төмендегені байқалған.


Балалар үшін 30 жазғы сауықтыру лагері (9 мемлекеттік, 21 жекеменшік) қызмет көрсетті. Жазғы сауықтыру жұмыстарын жүйелеу, лагерлерді орталықтандыру арқылы мемлекеттік лагерлерде жаз маусымында қосымша 9 мыңнан аса баланы қабылдау көзделуде.


Жыл басында мемлекеттік тапсырыс орналастырылған 1432 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мониторинг жүргізілді. Жалпы облыстағы балабақшаларда 155 992 бала тәрбиеленуде. Мониторинг нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдар есебіне алынған кейбір балалардың балабақшаларға мүлдем келмейтіні және оған білім бөлімдері арқылы төлем жүргізілгені анықталды. Анықталған кемшіліктер бойынша облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссия мақсатсыз 7422 мемлекеттік тапсырысты қысқарту туралы шешім қабылдаған.


Мәжілісте мектептерді жаңғырту жобасына енгізілген білім ұяларын жөндеу, асханаларын реттеу, оқу кабинеттерін жабдықтау және өзге де мәселелер айтылып, тиісті тапсырмалар берілді.

Бөлісу