Алдағы уақытта аталған жұмыстар тұрақты жалғасады.
Түркістан қаласы, Сауран және Отырар аудандарында 15079,23 га аумаққа әртүрлі ағаш-бұта көшеттері отырғызылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласы, Сауран және Отырар аудандарында 15079,23 га аумаққа әртүрлі ағаш-бұта көшеттері отырғызылды. Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында басқармаға қарасты «Жасыл аймақ» КММ жоспарына сәйкес жүзеге асты. Негізгі меже 31 468,43 гектар болған. Түркістан облысы әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп» «ҰАК» АҚ» мекемесі арасындағы меморандум аясында «Жасыл аймақ» КММ-мен келісімшарт түзіліп, кешенді жоспар жасалған болатын. Осыған байланысты Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының қатысуымен жиын өтті.
Мәжіліске Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, «Оңтүстік тау-химиялық компаниясы бірлескен кәсіпорны» ЖШС, «Қаратау» ЖШС, «Қазатомпром-Sauran» ЖШС компаниялары мен жауапты сала мамандары қатысты. Жиында келісімшарттың тармақтарында көрсетілген мекеме тарапынан орман қоры жерлерінде өтемдік мәдени екпе отырғызу, мәдени екпелерді күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізу және уран өндіруші кәсіпорындардың тарапынан келісімшарт бойынша туындаған мәселелер қаралды. Компания өкілдері өз талап-тілектерін айтты.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары «Жасыл аймақ» КММ-не белгілеп берілген жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу және табыстау қажет екенін айтты. Ал тұрақты пайдалану үшін берілетін мемлекеттік актіні алу жөнінде берілген тапсырмаларды орындамаған жағдайда жауапты өкілдердің жауапкершіліктері қаралып, заң аясында қатаң тәртіптік шара қолданылатынын ескертті.
Түркістан қаласы, Сауран және Отырар аудандарында бекітілген жоспарға сәйкес, «Қазатомөнеркәсіп» «ҰАК» АҚ қарасты кәсіпорындармен мәдени екпе отырғызуға 20 107,0 га аймаққа ағаш, сексеуіл көшеттері белгіленіп, қазіргі таңда 8 934,2 га егілген.
Ұлттық компаниялардан аударылған қаржыға аумақтарға сексеуіл тұқымы себіліп, жапырақты ағаш пен сексеуіл отырғызылды. Сондай-ақ аумаққа орман шаруашылығы жолдары салынып, тік ұңғымалар қазылып, суғару жүйесі жүргізіліп, жасыл желектер қоршалды. Алдағы уақытта аталған жұмыстар тұрақты жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің 24.03.2023 жылғы № 46 санды 938,0 га жер учаскелерін уранды жер асты ұңғымасында шайып сілтісіздендіру туралы қаулысы шыққан. Осы қаулыға сәйкес, мекеме осы күнге дейін келісімшарттың 2.3.1. тармағына сәйкес тиісті қаражатты өз мерзімінде аударуы тиіс.
Жиын барысында ұсыныс-пікірлер айтылды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, Түркістан облысының орман қоры жерлеріне егілген орман екпелері мен дақылдарының ғылыми дәлелденген нормалық көнімділігі, жерсінуі мен сақталуы 50 пайыз мөлшерінде көрсетілгенін уран өндіруші мекемелеріне негізге алу ұсынылды.
Қайрат Абдуалиевтің мәлімдеуінше, аталған жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда «Казгидромет» мекемесінің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген. Атқарылған жұмыстарға жергілікті тұрғындар оң бағаларын беруде. «Жасыл белдеудегі» 15079,23 га жерге көшет егіліп, күтіп-бапталып жатыр. Алдағы уақытта бұл аумақты 30 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Осы орайда жоспарды толық орындау мақсатында аталған аудандарда жер тапшылығы болған жағдайда халыққа зияны тимейтіндей шешім қабылданып, жергілікті жерлерге орман екпелерін егу қарастырылады.
Жиын соңында орман ережесінде мәдени екпелерге орманмен көмкерілген аймаққа ауыстырғанға дейін үш жыл күтіп-баптау және толықтыру жұмыстары атқарылатыны сөз болды. «Жасыл белдеу» экологиялық аумағында орналасқан орман алқаптарындағы топырақтың құмшауыт және сортаң болуына байланысты аса қажеттілік туындаған жағдайда бес жылға толықтыру жүргізілетіні мақұлданды.