Бірқатар тексерулер жүргізіліп, көптеген кемшіліктер анықталған.
Түркістан облысында білім беру ұйымдарын аттестаттаудан өткізу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз жиынында Түркістан облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Жанар Қасымова айтып берді. Оның айтуынша, облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру және білім беру ұйымдарына сырттай бағалау жүргізу арқылы аталған саладағы мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асырып келеді. Нәтижесінде, 2022 жылы бұл бағытта бірқатар тексерулер жүргізіліп, көптеген кемшіліктер анықталған.
Ресми өкілдің айтуынша, қазір өңірде 2556 білім беру ұйымы қызмет атқарып жатса, оның 52-сі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары. Сонымен бірге, облыста 1012 орта, 1364 мектепке дейінгі және 124 қосымша білім беру ұйымдары мен 4 жетімдер үйі бар. Департамент дерегіне сүйенсек, былтыр 366 білім беру ұйымын аттестаттаудан өткізу жоспарланса, соның 54-і ғана сынақтан сүрінбей өткен. Ал, 311 білім беру ұйымы, оның ішінде 186 балабақша, 117 мектеп пен 8 колледж талапқа сай келмей қалыпты. Сонымен қатар, 31 арыз-шағым бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілсе, 29 ереже бұзушылыққа қатысты нұсқама беріліп, 21 әкімшілік іс қозғалған. Тиісінше, 7 заңды тұлғаға 321 615 теңге және 14 шенеунікке 704 490 теңге айыппұл салынған. Олардың арасында жәй ғана нұсқаулықты орындамай, істері сотқа өткізілген мекемелер де бар екен.