ТҮРКІСТАН: 469 құрылыс нысанында заң бұзушылықтар анықталды

0
101

1722 нысанның құрылысы басталып, мемлекеттік бақылауға алынды.


ТҮРКІСТАН: 469 құрылыс нысанында заң бұзушылықтар анықталды

Түркістан облысында 469 құрылыс нысанында заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы аумағындағы 469 құрылыс нысанында заң бұзушылықтар анықталып, құрылыс салушыларға 325 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Заңсыз салынған 40 нысанды мәжбүрлеп бұздыру жөнінде сотқа талап-арыз жолданып, оның 5-еуіне қатысты бұзу туралы сот шешімі шықты. Сонымен қатар түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 16 нысан құрылыс иелерінің өз қаражаты есебінен бұзылды. Жалпы облыс бойынша 1722 нысанның құрылысы басталып, мемлекеттік бақылауға алынды.


Аталған ахуал Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке баяндалып, биылғы жылға арналған нақты жоспарлар айқындалды. Өңір дамуына тұсау болып отырған заңсыз құрылыстармен күресті күшейткен аймақ басшысы заңсыздыққа тосқауыл қоюмен қатар, бюрократияға жол бермеу жөнінде қатаң талап қойды.


– Заңсыз салынған әрбір нысан – тек жеке тәртіп бұзушылық емес, бұл мемлекеттік жоспарлау жүйесіне, құрылыс саясатына тікелей соққы. Ең бастысы – адам өмірі мен қауіпсіздігіне төнетін қатер артады. Біз бір жағынан заңсыз құрылыстармен күресуіміз керек, екінші жағынан заңды жолмен рәсімделетін нысандардың жолын жеңілдетуіміз қажет. Адамдар айлап, жылдап құжат жинап, табалдырық тоздырмауы тиіс. Бюрократия – заңсыздықтың басты себептерінің бірі. Облыс аумағындағы заңсыз құрылыстың алдын алу жұмыстарын күшейтіп, тұрақты түрде мониторинг жүргізіңіздер. Заңсыз салынған құрылыс нысандары заң талаптарына сәйкес ретке келтірілуі тиіс. Аудан, қала әкімдіктері салынып қойған құрылыстарға рұқсат құжаттарын рәсімдеп беру практикасын тоқтатуды қатаң түрде тапсырамын. Оған әр аудан, қала басшысы жеке жауапты, – деді облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы.


Аймақ басшысы шекара аумақтарында, демалыс және рекреациялық аймақтарда өз бетінше құрылыс салуға қатаң тыйым салынатынын да нақты ескертті. Сонымен бірге тек жазалау шараларымен шектелмей, заңсыздыққа алып келетін жүйелі кемшіліктерді жою қажеттігін айтты. Осыған байланысты құрылыс саласындағы цифрландыруды күшейту, жергілікті деңгейде шешім қабылдау мерзімдерін қысқарту бойынша нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар заңсыз құрылыстарға дер кезінде шара қолданбаған лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қатаң қаралатыны ескертілді.


Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тарту Байтұрсыновтың мәліметінше, 2025 жылы бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан 100 құрылыс нысанында заң бұзушылықтар анықталып, 121 құрылыс субъектісіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданған. Нәтижесінде 103 миллион теңге айыппұл салынып, бірқатар құрылыс компанияларының лицензиялары бойынша жекелеген жұмыс түрлері тоқтатылды.


Түркістан облысында заңсыз құрылыстармен күрес жаңа әрі қатаң кезеңге өтті. Облыс әкімінің талаптары – тәртіп орнатуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және қоғам алдындағы жауапкершілікті күшейтуге бағытталған нақты ұстаным. Заң үстемдігі орнаған жерде ғана қауіпсіз құрылыс, сапалы орта және тұрақты даму қамтамасыз етіледі.

Бөлісу