ТҮРКІСТАН: 6000 шақырымнан астам жол жөндеуден өткізілді

0
629

Жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік үлесі 71 пайыздан 92 пайызға дейін жетті.


ТҮРКІСТАН: 6000 шақырымнан астам жол жөндеуден өткізілді

Түркістан облысында 2025 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 95 пайызға жеткізу жоспарланған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс аумағындағы жолдардың сапасын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу, өңір тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында тапсырма берген болатын. Осыған байланысты облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жоспар бекітіліп, жоспарға сай жұмыстар жүргізілуде.


Түркістан облысында соңғы 5 жылда 6 мың шақырымнан астам жол құрылыс-жөндеу жұмыстарынан өтіп, жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік үлесі 71 пайыздан 92 пайызға дейін жетті. Биыл 2 мың шақырымға жуық жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, облыстық маңызы бар жолдардың құрылыс-жөндеу жұмыстарына 16,6 млрд. теңге қаржы қаралып, 481,9 шақырымды құрайтын 29 нысанға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2,7 млрд. теңгеге 99,4 шақырым аудандық маңызы бар жолдар, яғни 17 нысан жөндеуден өтсе, көшелерді құрылыс-жөндеу жұмыстарына 29,8 млрд. теңге қаржы бөлініп, 1030,6 шақырымды құрайтын 613 нысанға тиісті жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, 2025 жылы нормативтік жолдар үлесін 95 пайызға жеткізу жоспарлануда.


Бұдан бөлек, облыс аумағында Қазақстанның көлік әлеуетін дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асуда. Биылғы 25 қарашада «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол құрылысы басталды. Жобаны іске асыру қолданыстағы Сарыағаш – Ташкент учаскесінен жүк ағынын қайта бағдарлауға, Сарыағаш станциясы жүктемесін түсіруге және осы бағытта экспорттық жүктерді тасымалдауды ұлғайтуға мүмкіндік береді.


Айта кетейік, облыста автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 459 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдар – 723,1 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар – 3 983,3 шақырым, аудандық маңызы бар жолдар – 1 725,7 шақырым, елді-мекен көшелері – 11 025,7 шақырым.