ТҮРКІСТАН: 70 жас түлек мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданды

0
32

Резервшілердің резервте болу мерзімі – 2 жыл.


ТҮРКІСТАН: 70 жас түлек мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданды

Түркістан облысында 70 жас түлек мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы бойынша өңірлік кадр резервіне 30 азамат іріктеліп алынды. Бұдан бөлек, Президенттік жастар кадр резервінен іріктеусіз 2 азамат қабылданып, жалпы резервтегі азаматтар саны 32-ге жетті.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен кадр комиссиясының кезекті отырысы өтіп, күн тәртібінде 2 мәселе қаралды.


Облыс әкімі жауапты тұлғаларға жұмысты жетілдіру бойынша бірқатар тапсырма берді.


– Резервшілерді тиісті мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналастыру жұмыстарын жандандыру керек. Конкурстардың мерзімінде өткізілуін бақылауға алыңыздар. Жергілікті мамандарды қолдау керек. Себебі, жергілікті халықтан артық сол аймақтың мәселесін ешкім білмейді. Колледждер мен жоғарғы оқу орындарының үздік түлектерін конкурссыз қабылдау тиімділігін ескере отырып, тиісті шара қабылдаңыздар, – деді Нұралхан Оралбайұлы.


Жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Абылайхан Наурызбаев өңірлік кадр резервіне қабылданған резервшілерді мемлекеттік қызметке орналастыру бойынша баяндады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өңірлік кадр резервіне қабылданған азаматтар жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурссыз тағайындала алады. Осы уақытқа дейін резервтегі 32 азаматтың ішінен 17-сі тиісті лауазымдарға тағайындалды. Бүгінгі таңда 15 резервшіні тағайындау жұмыстары жалғасуда. Резервшілерге аудан әкімінің орынбасары лауазымы, бөлім басшысы, бас инспектор, бас маман лауазымдары ұсынылған. Алайда, резервшілер өздеріне ұсынылған лауазымдардан түрлі жағдайларға байланысты бас тартуда. Резервшілердің резервте болу мерзімі – 2 жыл.


Комиссия отырысында мемлекеттік қызметке іріктеу мен өткерудегі өзекті мәселелері де талқыланды. Бүгінде облыстағы жергілікті атқарушы органдардағы бос лауазымдар 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 219-ды (5,8%) құрады. Қазіргі таңда облыс бойынша 70 жас түлек мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданды. Бұдан бөлек, Заңда өкілеттілілігі аяқталған ауылдық округ əкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде конкурс өткізілместен орналасу мүмкіндіктері де қарастырылған.


Жалпы, өңірде осы жылдың 9 айында жалпы бос лауазымдарды толтыру бойынша 874 конкурс жарияланып, өткізілген.

Бөлісу