ТҮРКІСТАН: 700-ден астам көше жарықтандырылған

0
855

Қанағаттандырарлық жағдайдағы жол ұзындығы 460 шақырымнан асқан.


ТҮРКІСТАН: 700-ден астам көше жарықтандырылған

Түркістанда 700-ден астам көшеге жарықтандыру желісі тартылса, екі мыңнан аса жұмысшы аумағы 500 гектардан асатын көгалдарды күтіп-баптауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде баспасөз жиынын өткізген қала басшысы Нұрбол Тұрашбеков айтып берді.


Әкімнің айтуынша, биыл қала аумағында біршама автокөлік жолы да жөнделіп, асфальт төселген жолдың ұзындығы 383, ал қанағаттандырарлық жағдайдағы жол ұзындығы 460 шақырымнан асқан. Одан бөлек, 47 көше жөнделсе, 43 көше бойына аяқжол төселіп, алпыстан астам аялдама орнатылған. Сонымен бірге 5 жылда 120-ға жуық жаңа қоғамдық көлік алынып, электронды билет жүйесі енгізілген. 700-ден астам көшеге жарықтандыру желісі тартылса, екі мыңнан аса жұмысшы аумағы 500 гектардан асатын көгалдарды күтіп-баптауда. Осы ретте биылғы күз айларында 220 мың түп жапырақты, жемісті және бұталы ағаш пен гүл, мердігерлер тарапынан 34 мың түп ағаш егілген. Сондай-ақ биыл 42 нысанда абаттандыру жұмыстары атқарылса, 10 ойын алаңшасы мен 2 скверде құрылыс аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бес бірдей аулаішілік нысан пайдалануға берілген. Ал келер жылы 53 нысанда абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.


«Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы әзірленіп, Үкіметтің қарауына ұсынылды. Заң жобасы Түркістан қаласын бірегей тарихи, сәулеттік, мәдени мұрасы бар Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде танудың негізі болып саналады. Осы орайда қала аумағында туристік нысандар мен қолөнер орталығын салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу қарастырылуда. Ендігі кезекте қаланы ерекше мәртебеге сай дамыту жалғастырылады және біз сіздермен бірге сол жарқын күндердің куәсі боламыз деп сенемін», - деді Нұрбол Тұрашбеков.


Қала басшысының айтуынша, Түркістанда күрмеуі шешілмеген өзекті мәселелер әлі де бар екен. Алайда кейбір қомақты қаржыны қажет ететін ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қала бюджетінің мүмкіндігі жете бермейтін көрінеді. Дегенмен қала басшылығы қолдан келетін мәселелерді шешсе, енді бірін жоспарға енгізіп, тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жасай бермек.