Көпбалалы аналарға салтанатты түрде пәтер кілті табысталды.
Жетісайда 90-ға жуық мұқтаж отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Жетісай қаласында үй кезегінде тұрған 88 мұқтаж отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелді. Пәтер кілті табысталған көпқабатты үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек көпбалалы аналарға салтанатты түрде пәтер кілтін тапсырды.
«Шынымды айтсам күні кешеге дейін бізге пәтер сыйлайтынын білмедік. Бұл жаңалық біздің отбасымыз үшін үлкен тосынсый болды. Бұған дейін біз аядай жерді жалдап күнелтіп келдік. Енді міне, өз пәтерімізге де қол жеткіздік. Атсалысқан барша жандарға алғыс айтамын», - дейді көпбалалы ана Зухра Сахиева.
Баспана салу ісі алдағы уақытта да жалғасын табатындығын айтқан аудан басшысы Мұрат Болатұлы үйсіз жүрген отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету басты мақсат екенін жеткізді. Яғни тұрғын үй кезегінде тұрған әрбір азаматты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде жұмыстар атқарыла беретін болады.