Жауаптыларға құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытында атқарылуын ескертті.
Арыс қаласына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров арнайы іссапармен барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арыс қаласына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров арнайы іссапармен барып, жаңа нысандардың құрылыс жұмыстармен танысты. Аралау барысында Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова қалада салынып жатқан нысандар мен атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Бүгінде қалаға кіреберіс Дендросаябақ аумағында жеке инвестор есебінен 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй салынуда. Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекеме «Shymkent Build» ЖШС. Облыс әкімінің орынбасары тұрғын үй алаңында болып, жауаптыларға құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытында атқарылуын ескертті.
Сонымен бірге облыс әкімінің орынбасары Арыстағы бірегей транспорт-логистикалық орталығының құрылыс алаңына барды. «Mega-Agat» компаниясы салып жатқан қойманың көлемі 17 000 шаршы метрді құрайды. Қойманың 14 000 мың шаршы метрі қатты заттар сақтауға арналса, 3 мың шаршы метрі желдеткішпен жабдықталған көкөніс сақтайтын орын болмақ. Бүгінде қойманың құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Айта кетейік, аталған кәсіпорын аумағында құны 600 млн теңгені құрайтын, сыйымдылығы 9 мың тоннаға шақталған астық сақтау қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа қойма іске қосылғанда, жергілікті диқандар астықты қала төңірегінде сақтап, тиімді бағада нарыққа шығара алады. Жаңа астық сақтау қоймасы арқылы қосымша шығындар азайып, баға тұрақтылығы орындалады деп күтілуде.