ТҮРКІСТАН: Алғаш рет өңірлік кадрлық резервіне іріктеу өтеді

0
815

Мемлекеттік қызмет үшін таптырмас мүмкіндік.


ТҮРКІСТАН: Алғаш рет өңірлік кадрлық резервіне іріктеу өтеді

Еліміздің барлық өңірлерінде, республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада өңірлік кадрлық резервіне іріктеу басталады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2024 жылдың 1 наурызынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде, республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада өңірлік кадрлық резервіне іріктеу басталады. Жобаның негізгі мақсаты – жас басқарушылардың жергілікті пулын қалыптастырып, өңірлерді дамытуға іскер, дарынды да білімді жастарды тарту. Аталған іріктеуді облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен Астанадағы кадр комиссиясы жүзеге асырады. Сәйкесінше, өңірлік резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанның өзінде, жергілікті атқарушы органдардағы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына жұмысқа тұра алады. Бұл туралы баспасөз жиынын өткізген облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойыншадепартамент басшысы әрі әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Өркен Балажанов толығырақ түсіндіріп берді.


Спикерлердің айтуынша, іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білім алған, кемінде 3 жылдық еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.


«Іріктеу индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру және экология бағыттары бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар, өңірлік кадр комиссиясы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтарын ескере отырып, салалық бағыттар мен резервшілердің нақты санын айқындайды», - дейді өңір басшысының орынбасары.


Ресми ақпаратқа сүйенсек, резервке іріктеудің бірінші кезеңі 1-31 наурыз аралығында өтіп, үміткерлерден құжаттар қабылданады. Кандидаттар жеке куәлік немесе паспорт, білім туралы құжат пен оларға қосымшалардың және еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін, өңірлік резервке кандидаттың қызметтік тізімі секілді құжаттарды onir.pkrezerv.gov.kz сайты арқылы тапсыра алады. Одан бөлек, құжаттарды уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне немесе хабарландыруда көрсетілген электрондық мекенжай арқылы өткізуге болады. Жеке кабинетпен барлық құжаттар топтамасын ұсынып, тіркелгеннен кейін үміткер өңірді және салалық бағытты таңдайды. Бір немесе бірнеше өңірді және салалық бағытты таңдауға рұқсат етіледі, бірақ одан кейін таңдауды өзгертуге жол берілмейді. Құжаттар ұсынылғаннан кейін үміткерлерге верификациялау туралы хабарлама келеді. Әрі қарай, кандидаттарға жеке кабинет арқылы тестілеу күні мен уақытын таңдау ұсынылады.


Ал, екінші кезеңде үміткер заңнама бойынша білімін сынап, жеке қасиеттері бойынша бағаланады. Бұл үрдіс мемлекеттік басқару академиясы мен оның филиалдарының тестілеу залдарында офлайн форматта екі блокта өткізіледі. Атап өтсек, «Заңнаманы білуге арналған тестілеу» кезеңінде кандидатқа Конституция бойынша 15, мемлекеттік қызмет туралы заңнан 15, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңнан 15 сұрақ қойылып, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі бойынша да тест тапсырылады. 5-9 сәуір күндері аралығында өтетін бұл тестілеуде бір үміткерге 55 минут уақыт беріледі. Ал, екінші блок – «Жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуге» заңнама тестілеуінен ең жоғары балл жинаған кандидаттардың 50 пайызы өтеді. Тестілеу стресске төзімділік, бастамашылық, жауапкершілік, парасаттылық, өзін-өзі дамыту, жеделдік сынды қасиеттерді анықтауға арналған тапсырмаларды қамтиды. 13-14 сәуір аралығында өтетін тестілеудің уақыты 90 минут. Тестілеуді сәтті тапсырған кандидаттардың тізімі интернет-ресурстарда, онлайн-платформада кандидаттарды келесі кезеңге жіберу туралы шешім қабылданған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде жарияланады.


Департамент басшысының айтуынша, үшінші «Құзыреттерді бағалау» кезеңі Астана қаласындағы мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өткізіледі. Конкурсқа қатысатын үміткерлер әңгімелесу өтетін жерге бару және кері қайту, тұрғын үй-жайды жалдау, барлық түрдегі байланыс қызметтерін пайдалану және басқа да шығындарды өз қаражаттары есебінен жүргізеді. Бұл кезең кандидаттардың мінез-құлығы (белсенділік, қызметті басқару, мәселелерді талдау және шешу, көшбасшылық, сенімділік) арқылы белгілі бір құзыреттерді анықтауға әрі бағалауға бағытталған топтық және жеке жаттығуларды қамтиды. Кандидаттардың мінез-құлқын сертификатталған сарапшы-бағалаушылар бақылайды. Сосын, ассессмент-орталықтың нәтижелері бойынша әрбір кандидатқа қысқаша есептер қалыптастырылып, олар кандидаттың жеке кабинетіне орналастырылады. Құзыреттілікті бағалау рәсімінің ұзақтығы 6-8 сағатқа дейін созылады.


«Төртінші кезең – «Комиссиядағы құрылымдық сұхбат». Бұл кандидат таңдаған салалық бағытқа сәйкес жобаны презентациялау форматында өткізіледі. Презентация 5 слайдтан тұруы керек. Презентация барысында кандидат өзі ұсынған идеяның мәні мен мақсатын, оны іске асыру кезеңдерін, ықтимал проблемалар мен нәтижелерді ашып көрсетуі керек. Презентацияны қорғау регламенті 5 минуттан аспайды. Комиссия кандидаттарды аналитика, білімнің тереңдігі және қарым-қатынас дағдыларына сәйкес бағалайды. Іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін құрылымдық сұхбат жүргізу кезеңінде өңірлік резервке қоғамдық бірлестіктер, ҮЕҰ, БАҚ, бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері мен салалық сарапшылар тартылуы мүмкін. Ал, бесінші кезең – «Комиссияның отырысында» кандидаттарды резервке қабылдау туралы ұсыныс шығарылады. Өңірлік резервтерге алынған адамдардың тізімі комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда және онлайн-платформада жарияланатын болады», - дейді Өркен Байділханұлы.


Жалпы, әрбір кезеңнің нәтижесі комиссия шешімі қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, кандидаттардың жеке кабинеттерінде және жобаның сайтында орналастырылады екен. Сондай-ақ, кандидаттар іріктеуден өту тілін, әр кезеңнен өту күні мен уақытын таңдай алады. Өңірлік резервте болу мерзімі – 2 жыл.