ТҮРКІСТАН: Әрбір нысанның құрылысы сарапшылардың талдауынан өткізіледі

0
393

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «Елге қажетті әрі туризмді дамытуға серпін беретін нысандар салуға басымдық берілсін»


ТҮРКІСТАН: Әрбір нысанның құрылысы сарапшылардың талдауынан өткізіледі

Түркістан қаласында салынатын әрбір нысанның құрылысы сарапшылардың талдауынан өтіп барып жүзеге асады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында және Түркістан қаласында салынатын әрбір нысанның құрылысы сарапшылардың талдауынан өтіп барып жүзеге асады. Оның сәулеті, идеологиялық мәні талқыланып, құрылыс материалдары да қатаң сараптаудан өтуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен сәулеттік жобалар талқыланған жиында облыста салынатын және салынуы ықтимал нысандардың жобасы сараланды. Өңір басшысы әрбір сәулеттік жобаға жеке-жеке тоқталып, жауапты басқарма мен мамандарға тиісті тапсырмалар берді.


«Елге қажетті әрі туризмді дамытуға серпін беретін нысандар салуға басымдық берілсін. Бос, қолданылмай тұратын ғимараттар керек емес. Жаңа ғимараттар қаланың Бас жоспарымен және даму тұжырымдамасымен үндесуі тиіс. Мәселен, спорт ғимараттарын алайық. Қанша ғимарат керек? Қайда орналасқаны жөн? Ол салынған тұрғындарға қаншалықты оң әсер етеді? Мәдениет, туризм, білім нысандарын салуда осы сұрақтар назарға алынып, сәулетшілер аталған сала өкілдерімен ақылдасулары қажет. Әр ғимарат қаланың сәніне сән қосатындай сәнді әрі өзара үйлесімді болғаны абзал. Тарихи-мәдени орталық маңындағы жеке үйлерден саяхатшыларға арналған шағын хостелдер жасақтау үшін жобалар ұсынылсын. Ол үйлер қазақы нақыштағы ою-өрнектермен безендірілуі керек», – деді Дархан Сатыбалды.


Мәжілісте облыста жүзеге асырылуы мүмкін 13 нысанның сызбанұсқасы ұсынылып, талқыға түсті. Түркістан облыстық сәулет және қала құрылыс басқармасының басшысы Нұрлыжан Бөкебаев Шығыс базары, «Жайлы мектеп» жобасы арқылы салынатын білім ұясы, Мәдени-рухани орталықтағы автотұрақ, әкімшілік-іскерлік орталығындағы аллея, жаңа туристік бағыт, Сайрам ауданындағы «Неке сарайы» жобалары туралы баяндады.


Сонымен бірге жиында Түркістан қаласында гимнастика мектебін, Олимпиадалық резерв мектебін және Жоғары спорт шеберлігі мектебін салу арқылы спорт қалашығын қалыптастыру жөнінде ұсыныс берілді. Бейнелеу өнері мұражайын салу мен Б.Саттарханов көшесінің бойына кіші сәулеттік формаларды орнату жобасы да ұсынылды. Аталған жобалар туралы Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбековтің, «Сәулеттік бюро» мекемесінің басшысы Еркін Жүсіповтің де ұсыныстары тыңдалды.


Жобалардың кейбірі қолдау тапса, бірқатарын толықтыру жөнінде тапсырма берілді.