Call-орталығы күн сайын сағат 09:00-ден 19:00-ге жұмыс істеуде.
200-ден астам түркістандық жүргізуші армениялық көліктерін тіркеген, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында екі жүзден астам жүргізуші күшіне енген жаңа заң жобасы аясында армениялық көліктерін Қазақстанға тіркеп, арнайы сары нөмірлерді алған. Бұл жайында Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмасхан Тастанбеков мәлімдеді.
Атап өтсек, Үкімет қаулысына сәйкес, ҚР азаматтарына Армениядан 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген, рөлі сол жақта орналасқан көлік құралдарын тіркеу науқаны басталған болатын. Ол үшін арнайы үш төлем жасалады. Төлемнің жалпы сомасы 11 мың 946 теңгені құрайды.
Айта кетерлігі, армениялық көліктерді 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ғана тіркеуге болады. Түркістан облысы полицейлері Армениядан әкелінген көлікті тіркеу ережелерін түсіндіру үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында Call-орталығы күн сайын сағат 09:00-ден 19:00-ге жұмыс істеп жатыр.
Одан бөлек, Армениядан әкелген көліктерін басқа біреуге сатып жіберіп, таппаған жағдайда азаматтарға полицейлер көмектесетін болады. Яғни ҚР ІІМ деректер базасы арқылы табуға жәрдем көрсетеді.