ТҮРКІСТАН: Арыс қаласының инфрақұрылымын жақсарту басты назарда

0
584

Қала ішіне 10 дана автобус аялдамаларын орнату жоспарланып отыр.


ТҮРКІСТАН: Арыс қаласының инфрақұрылымын жақсарту басты назарда

Арыс қаласында инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары қолға алынған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласындағы мәдениет үйінде шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова тұрғындармен есептік кездесу өткізіп, көптеген өзекті мәселелер талқыланды. Соның бірі инфрақұрылым мәселесі.


«Қаламызда халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау үшін жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі таңда қала тұрғындарын жер асты ауыз суымен қамтамасыз етіп отырған жоғары қысымды су магистралдық құбырын тозығы жетуіне байланысты ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы 12,6 шақырым құрайтын магистралды су құбырының құрылысы 2023 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі», - деді Гүлжан Мамытқызы.


Бұдан бөлек, 3 тұрғын аудандағы (Саяжай 1, Саяжай 2, Алатау) 16 көшеге жаңадан су құбырлары тартылып, халық игілігіне беріледі. Шағыр, Ақтас елді мекендерінде де ауызсу жүйесінің құрылысы басталады. Қала басшысы кәріз жүйесі мен жол салу мәселесі де назардан тыс қалмайтынын жеткізді.


«Қазіргі уақытта Арыс халқы жыл сайын көбейіп, қала қанатын кеңге жайып келеді. 2023 жылы қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің кәріз құбырларын ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған. Ал, «Тараз» тұрғын ауданына жаңадан кәріз жүйесін жүргізіп, пайдалануға беру көзделген. Бұдан бөлек, қаланың ішкі орамдағы кәріз жүйесін қайта құру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Жалпы, қаламыздағы тұрғын үйлердің 70%-ын 2027 жылға дейін кәріз жүйесіне қосу бойынша іс-шара жоспары дайындалып жатыр», - деді қала әкімі.


Сондай-ақ, Сырдария және Атамекен елді мекендеріндегі 23 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Талдықұдық тұрғын ауданының ішкі көшелеріне тас төселеді. Ал, Арыс қаласында 10 көшеге, Қожатоғай мен Шағыр елдімекендерінде 4 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оған қоса, қала ішіне 10 дана автобус аялдамаларын орнату жоспарланып отыр.