50 мыңға жуық ағаш көшеті өсіріліп жатыр
Енді Арыста сапалы көшетпен қамтитын өз тұқымбағы бар, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арыс қаласында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары қарқынды. Қала басшысы тарапынан суды үнемдеу әрі қаланы жасыл желекке орау мақсатында тұқымбақ ашу тапсырылған болатын.
Осыған сәйкес, «Жасыл Арыс» КММ-і тиісті жұмыстар жүргізіп, қала аумағынан тұңғыш рет тұқымбақ ашты. Екі учаскелік бөліктен тұратын 0,86 гектар тәлімбақта бүгінде 50 мыңға жуық түп ағаш көшеті өсірілуде. Оларға мамандар тұрақты түрде баптау жұмыстарын жүргізеді.
«Сіздің тапсырмаңызға сәйкес осында жатқан бос жерлерге тұқымбақ аштық. Көшеттер негізінен Арыс климатына бейімделген қарағаш, үйеңкі мен шаған ағаштары. Алдағы уақытта Арыстың топырағына бейім әрі қолайлы көшеттердің түрлерімен толықтырып отыратын боламыз. Сәтін салса, келесі жылы көктемде арыстықтар өз қаламыздағы тұқымбақта өсірілген көшеттерді отырғызуға мүмкіндік алады», - деді «Жасыл Арыс» КММ басшысы Гүлмира Басарова.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова тұқымбақта атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Арыс атырабында жасыл аймақты дамыту үшін ең алдымен қала көшелеріндегі ағаштарға түгендеу жұмыстарын жүргізіп, жасыл белдеуді ұлғайту мен көгалдандыруды күшейтуді тапсырды.
Бұдан кейін, қала әкімі Барыс (Баламекен) тұрғын ауданында орналасқан кәріз тазалау нысанының жұмысымен танысты. Жұмыс барысын бақылаған ол, сала мамандарына аталған мекеме аумағындағы бос жатқан 2 гектар аумаққа да тұқымбақ ашып, Арыс тұрғындарын ағаш көшеттерімен қамтамасыз етуді тапсырды.