ТҮРКІСТАН: Арыста алғашқы гемодиализ орталығы ашылды

0
555

Бұған дейін мұндай орталық болмаған.


ТҮРКІСТАН: Арыста алғашқы гемодиализ орталығы ашылды

Бүгін Арыс қаласындағы орталық аурухана жанынан гемодиализ орталығы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Салтанатты шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат хатшысы Амантай Байтанаев пен дәрігерлер және қала тұрғындары қатысты. Жалпы 80 мыңға жуық тұрғыны бар Арыста бұған дейін мұндай орталық болмаған. Ал, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі дертіне шалдыққан 40-тан астам азамат аптасына 2-3 реттен ең жақын орталық – 85 шақырым қашықтағы Шымкентке қатынап келген. Орталықтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі екендігін айта келе, «медицина саласына инвесторларды тарта отырып, бұл бағытта озық технологиямен жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек» деп атап көрсеткенін еске салды.


«Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында біз бүгін облысымызға белгілі «Мед Алатау» көпсалалы медицина орталығының қызметін Арыс қаласында ұйымдастырып отырмыз. Ал науқастардың жанын шүберекке түйіп, ұзақ жол жүріп, Шымкентке барып-қайтуы оңайға соқпайтыны белгілі. Денсаулығы сыр берген жандарға көмек қолын созу үшін Президентіміз айқындап берген ұлт саулығы бағытындағы жоспарымызды іске асырып, бірқатар жерлестерімізге үміт отын сыйлап отырмыз», – деді Гүлжан Мамытқызы.


Атап өтсек, көпсалалы «Мед Алатау» медицина орталығы ЖШС-нің директоры Рүстем Әбдуалиевтің айтуынша, Арыс қаласында ашылған орталық бір мезетте 6 пациентті қабылдай алады. Науқастарға сапалы қызмет көрсету мақсатында арнайы Surdial-X (Niprocorp) аппаратын Жапониядан алдырған. Ал суды сүзгіден өткізіп, құрамын байыту үшін Германиядан қосымша құрал-жабдықтар әкелген.


«Мед Алатау» медицина орталығының емдеу ісі бойынша директордың орынбасары Бақтияр Сұлтанмұратов Арыс қаласындағы орталықта дәрігер, дәрігер-нифролог, хирург, кардиолог, лабораториялық зерттеу жұмыстарын жүргізетін мамандардан құралған ұжым гемодиализдік процедурадан бөлек, гемодиафилтрация, гемофильтрация және экстракорпоральді детоксикация сияқты емдеу шараларын да қатар алып жүруге қауқарлы. Сондай-ақ, бұл жерде кәсіби білікті нефрологтардан кеңес алуға болады. Қала тұрғыны әрі аталған орталықтың алғашқы пациенттерінің бірі Үсен Жақыпбаев науқастарға осыншалықты көңіл бөлініп, жоғары деңгейде жағдай жасалып жатқанына көпшілік атынан алғысын білдірді.


«Біздің жағдайымызды түсініп, осындай игі істердің ұйытқысына айналып жүрген азаматтарға, қала әкімдігіне, дәрігерлерге шын көңілден алғыс алғысайтамын», – дейді ол.


Айта кетейік, орталықта Арыс қаласы мен қала маңындағы елді мекен тұрғындарына тіпті, Қазақстанның кез-келген азаматына тегін қызмет көрсетіледі. Науқастарды тасымалдау қызметі мен ас-сумен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін тапқан. Ең бастысы, дәрі-дәрмек тапшылығы мүлдем болмайды. Ал аталған қызметтерді тұтыну үшін азаматтар жеке басын куәландыратын құжатпен келсе, жеткілікті.