Бүгінде олар ұмыт болып бара жатқан рухани мұраны жаңғырту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып келеді.
Арыста «Әже – ұлт ұйытқысы» тақырыбында қалалық мәдениет сарайында салтанатты шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арыста «Әже – ұлт ұйытқысы» тақырыбында қалалық мәдениет сарайында салтанатты шара өтті. Шара қалалық «Әжелер алқасының» 10 жылдығына орайластырылды. Мерекелік кешке шаһар басшысы Гүлжан Құрманбековамен бірге Түркістан облысынан келген қадірлі қонақтар қатысты.
«Ұлттың ұлт болып қалуы қашан да оның тілі мен ділінің, салт-дәстүрінің бекемдігіне байланысты. Оның негізі отбасылық тәрбиеде жатыр. Осы ретте отбасыдағы ата мен әженің рөлі ерекше. Әжелер мектебі – бүгінгі қоғамда баға жетпес байлық, бойға тереңнен сіңіретін тәрбие құралы», деп ізгі тілегін жеткізді қала басшысы.
Игі шараға қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Түркістан облысының Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов пен қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл және қаламыздың ардақты ардагерлері қатысты.
Шара барысында қаламыздың қоғамдық өміріне белсене араласып, ұрпақ тәрбиелеуде үлгі болып жүрген ақжаулықты әжелерімізді қала әкімі арнайы алғысхаттармен марапаттады.
Мерекелік кеш ары қарай асыл әжелердің мерекелік концерті мен тағылымы мол сахналық көріністерге ұласты. Өнер мен өнегені серік еткен әжелер күздігүні бие ағытардағы ақырғы қымызға көрші-қолаңды шақыру кәдесі саналған «Сірге мөлдірету» рәсімін өткізді.
Одан ары қарай, ақ кимешегімен мерекеде сән сыйлап жүрген, әсем дауыстарымен әлемді тербеп, айналаны керемет өнердің шуағына шомылдырған ардагерлердің концертіне ұласты.
Айта кетейік, мәдениет пен әдет-ғұрыпты жастардың бойына сіңіріп, оларға тарихымызды танытып, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды үйретіп, үлкен үлгі, өнеге көрсететін Арыс қаласының «Әжелер алқасы» 2013 жылы құрылған. Бүгінде олар ұмыт болып бара жатқан рухани мұраны жаңғырту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып келеді.