ТҮРКІСТАН: Арыста балалар мерекесі 3 саябақта атап өтілді

0
280

«Балдәурен 2024» ән байқауы ұйымдастырылды.


ТҮРКІСТАН: Арыста балалар мерекесі 3 саябақта атап өтілді

Арыста балалар мерекесі 3 саябақта кең көлемде атап өтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


1 маусым - халықаралық балаларды қорғау күні. Бүлдіршіндердің асыға күтетін мерекесі Арыс қаласында үш саябақта, және ерекше балаларға арналған орталықтарда ұйымдастырылып, кең көлемде аталып өтті. Бұл күні қалада қоғамдық көліктер 18 жасқа дейінгі балалар үшін тегін қызмет көрсетті. Сондай-ақ демеушілер есебінен балалар қаладағы саябақтарда батуттар, аттракциондар мен карусельдерде тегін ойнады. Қалалық Мәдениет үйінде Өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздардың қатысуымен «Балдәурен 2024» ән байқауы ұйымдастырылды.


Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова айтулы күнді арыстықтармен бірге ерекше түрде өзіндік сән-салтанатымен атап өтті. «Бақытты балалық үшін» республикалық акциясы аясында өткен мереке ең алдымен Орталық Әл-Фараби алаңынан бастау алды. Мұнда мектеп қабырғасында оқитын өнерлі өрендер сахна төрінде өнерлерін ортаға салып, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.


Шара барысында қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Мен бақытты баламын» атты сурет сайысы өтті. Ашық аспан астындағы алаңқайда салынған суреттерде балалар еліміздегі бейбітшілік пен достықты, қоғамдық келісім мен бақытты балалық шақты бейнеледі.


Кезекті мерекелік жиын орталық алаңдағы теміржолшылар саябағында жалғасты. Қала әкімдігі мен теміржолшылар кәсіподағы бірлесіп өткізген мерекеде өнерпаз балалар ән айтып, ойындар ойнап, шат-шадыман болды. Сондай ақ теміржол кәсіподағы 2000 балаға тегін балмұздақ таратты.


Бұл күні қыл қалам өнеріне бейім бүлдіршіндердің сурет көрмесі және спорттық эстафеталар да ұйымдастырылды.


«Бүгін ерекше күн болды. Балаларымыз қуанып қалды. Керемет көңіл-күй сыйлаған қала әкімдігіне, теміржолшыларға алғысымыз шексіз. Қаламыздың несібесі молайып, өркендей берсін деген тілек білдіреміз», – дейді мерекеге балаларын алып келген бір топ ата-ана.


Айтулы күнде жүлделі орын алған жеңімпаз балаларға қала әкімінің алғыс хаттары табысталып, марапатталды. Қалалық Мәдениет үйі өнерпаздары мен кәсіпкерлері балаларға балмұздақ пен тәтті сусындар таратып, қуаныш сыйлады.


Арыстықтар балалар мерекесін кезекті Сырдария ауданындағы С.Адамбеков атындағы саябақта өткізді. Жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін бұл мерекені асыға күтетін бүлдіршіндер күннің аптап ыстығына қарамай саябаққа қарай ағылды.


Мұнда жергілікті мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер бірлесіп, арнайы балақайлар үшін алып ойын аттракционын алдырған. Сондай-ақ 500 балаға тегін балмұздақ таратып, мерекеге атсалысты. Ал мәдениет үйі және мектеп өнерпаздары жиналған көрермендерге концерттік бағдарламалар ұсынды. Сондай-ақ, спорттық жарыстар мен түрлі қызықты ойындар ойнатылып, сайыс жеңімпаздары марапатталды.


Қала көлемінде өткен мерекелік шараларға арнайы қатысқан қала әкімі Гүлжан Құрманбекова орталық алаңда балалардың өнерін тамашалап, бүлдіршіндерге ақ тілегін арнады. Ынтымағы жарасқан аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, бүгінгі шараға ұйытқы болған теміржолшылар мен ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын жеткізді.