1209 жұмыс орны құрылмақ.
Арыс қаласында жаңа зауыттың құрылысы басталады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арыс қаласында «MEGA-AGAT» зауыты шетел инвесторларымен бірлесіп жаңа зауыттың құрылысын бастайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова мәлімдеді.
«Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен Қытай Халық Республикасының Чжэцзян провинциясы, Ханжоу қаласында Қазақстанның "MEGA-AGAT» ЖШС және қытайлық "Чжэцзян Навэс Индустри Энд трэйд КО ЛТД" арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында 10 млн. АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция арқылы радиаторлар, газ қазандықтары, жылы еденге арналған коллекторлар өндірісі жүзеге асырылады», - деді Арыс қаласының әкімі Гүлжан Мамытқызы.
Оның айтуынша, қала көлемінде 5 жылда жалпы құны 93,0 млрд.теңгелік 42 инвестициялық жоба іске асырылып, 1209 жұмыс орны құрылмақ. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсіп саласы - 10, машина жасау - 1, туризм саласы - 2, білім саласы - 9, агроөнеркәсіп саласы - 16, балық өсіру - 4, транспорт логистика - 1.