ТҮРКІСТАН: Арыста шіркейге қарсы ғылыми топ жұмыс істеп жатыр

0
909

Шіркейлердің ошағын анықтап, түр-түсі мен көлемін және ерекшеліктерін зерделейді.


ТҮРКІСТАН: Арыста шіркейге қарсы ғылыми топ жұмыс істеп жатыр

Арыс қаласында шіркейге қарсы ғылыми топ жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласы әкімдігінде қала төңірегіндегі ауылдарда көбейіп кеткен шіркейдің таралу ошағы мен олардың түр-түсін, ауқымын анықтау үшін арнайы ғылыми топ өкілдері келді. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық арнайы келген мамандарға қала аумағында атқарылып жатқан шыбын-шіркейге қарсы жұмыстар жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірді.


Ғылыми топ өкілдерінің айтуынша, олар ең алдымен шіркейлердің ошағын анықтап, түр-түсі мен көлемін және ерекшеліктерін зерделейді. Содан кейін ғана оған қарсы қандай препарат пайдаланған тиімді екендігін нақтылайды.


Ғылыми топ өкілдері ең алдымен Шөгірлі, Байырқұм, Қожатоғай, Жиделі ауылдық округінде бірнеше күн бақылау жүргізеді. Тоғандар мен өзендердің, сондай-ақ Көксарай су реттегішінің жағалауына толығымен зерделеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін тиісті қорытынды шығарады. Соның негізінде, әкімдік тарапынан жәндіктерді улaуға тиісті биологиялық препараттар алынып, өңдеу жұмыстары жүргізілетін болады.


Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасына орай, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Ауыл» ХДПП мүшесі Төрегелді Құлмұратов бастап келген ғылыми топ құрамында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биолог-этномологы Қаршыға Көшкімбаев, Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық сараптама орталығы» Түркістан облысы бойынша филиалының маманы Майра Халықова, Шымкент обаға қарсы күрес станциясының зоологы Досбол Еңкебаев пен Максим Кузьмин, био-өңдеуге арналған препараттар бойынша маманы Сандуғаш Қалмұратова бар.